Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Аталған келісімге 2009 жылы желтоқсанда Берлинде Қазақстан мен Германияның сыртқы істер министрлері қол қойды. Осы құжат екі мемлекеттің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатадыә, - деп баяндады ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Оның атап өтуінше, келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сондай-ақ олардың транзитін жеңілдетеді.
«Осы заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ қосымша қаражатты талап етпейді», - деді министр.
Мәжіліс депутаттары аталмыш заң жобасын қолдап, бірауыздан мақұлдады.
Дереккөз: bnews.kz
20 қаңтар 2016, 09:49