2016 жыл Әскердегі құқықтық мәдениет жылы деп жарияланды. Бұл туралы былтырғы жылды қорытындылап, ағымдағы жылдың басты бағдарын белгілеуге арналған алқа мәжілісінде ҚР Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов мәлім етті.
Алқа отырысына Бас әскери прокуратураның жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңес, «Әскери заңгерлер альянсы» қоғамдық ұйымының өкілдері, аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлар қатысты.
Бас әскери прокурор алқа мәжілісі жұмысын аша отырып, өткен жылы құқық қорғау және сот жүйелері жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдылықтар жағдайында жұмыс атқарғанын, жаңа Қылмыстық-процестік кодекстің жаңа институттары қызметке кіріскенін атап өтті. Сонымен қатар, былтыр әскердегі құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған үшжылдық бағдарлама жүзеге асып, әскердегі өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу жалпыреспубликалық жобасы жүзеге асырылған. Қолданылған алдын-ала ескерту шаралары негізінде қылмыс деңгейі және әскери тәртіп жағдайы біршама тұрақталып отыр. Ал әлеуметтік-экономикалық салада әскери прокурорлардың ықпал ету актілері негізінде мемлекетке 1 млрд. теңгеден астам шығын өндірілді.
«Біз 2016 жылды Әскердегі құқықтық мәдениет жылы деп жариялап отырмыз. Осы ұран аясында барлық басшыларға әскери ведомстволармен бірлескен әскери қызметшілер мен өскелең ұрпақты құқықтық және әскери-патриоттық тәрбиелеу, қазақстан әскерінің жағымды бет-бейнесін арттыру бойынша кең ауқымды жұмысты ұйымдастыруды жүктеймін, - деп қорытындылады жиынды Бас әскери прокурор Е. Мерзадинов.
Алқа мәжілісі шеңберінде прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың бірқатар өзекті мәселелері талқыланды. Елбасының тапсырмаларын, оның ішінде кезекті Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруды қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданатын болды.
Дереккөз: ҚазАқпарат