ҚР Үкіметіндегілер депутаттардың жол қозғалысы ережесін бұзғандарға айыппұлды азайту туралы ұсынысын қабылдамай тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қазақстанның Парламент Мәжілісінде "Жол қозғалысы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасының әзірленіп жатқаны белгілі.
Жұмыс тобының жетекшісі депутат Галина Баймаханлва өз ұсыныстарына үкіметтің қорытындысын алғанын атап өтті. "Қорытындыда үкімет сарапшылары Әкімшілік кодексті әзірше өзгертпеуге кеңес беріп отыр. Ол бір жыл да жұмыс істеген жоқ. Ол жақта барлығы сарапталып, айыппұлдар бойынша барлық өзгеріс бір жолғы тәртіпте бір уақытта енгізіледі", - деп түсіндірді депутат.
Мәселен, жұмыс тобының аясында депутаттар "Басқа көлік құралдарының жол жүрісіне кедергі келтіруге әкеп соққан, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінде тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу" бабының айыппұлын азайтуды ұсынған еді. Заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған, депутаттар мұны 10 АЕК-ке дейін азайтуды сұрады. "Мүгедектердің көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру үшін бөлінген жерлерде көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу" бабы бойынша жазаны депутаттар 50 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін азайтуды сұрады.
Айта кетейік, кейбір баптар бойынша жұмыс тобының мүшелері жазалауды күшейтуді сұраған еді. Мәселен, "Көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет" бабы бойынша 15 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған, депутаттар бұл жазаны 50 АЕК-ке дейін көбейтуді ұсынды. Алайда үкіметтегілер бұл ұсынысты да қабылдамады.
Еске салайық, "Жол қозғалысы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған еді. Жұмыс тобы түзетулерді әлі де талқылап жатыр.
Дереккөз: tengrinews.kz