Қазақстанның Даму банкі қазақстандық автокөлік өнеркәсібін қолдауға 11 миллиард теңге бөледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап. Бұл қаражат Ұлттық қор қаражаты есебінен бөлінеді.
"Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясаты аясында "Қазақстанның даму банкі" ("Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ еншілес ұйымы) Ұлттық қор қаражаты есебінен қазақстандық көлік құрастыру кәсіпорындарын қолдауға 11 млрд теңге бөледі", - делінген хабарламада.
Бұл қаражат Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді сатып алуға жеке тұлғаларды несиелеу үшін төрт коммерциялық банкке бағытталды.
Банктің баспасөз қызметі жеке тұлғаларға жергілікті өндірілген жеңіл автокөлік сатып алуға несие беру үшін қойылаты шарттар туралы да еске сала кетті. шартқа сәйкес, атаулы сыйақы мөлшерлемесі - ең көбі жылдық 4 пайыз, сонымен қатар жылдық тиімді мөлшерлеме (оған сақтандыру және автокөлікті кепілге рәсімдеу шығындары кіреді) жылдық 7,5 пайыздан аспауы тиіс. Несие мерзімі ең көбі 5 жыл, қарыз валютасы - теңге, жеңіл көліктің бір бірлігінің бағасы - ең көбі 9 миллион теңге, бастапқы жарна (бар болған жағдайда) сатып алынатын көліктің бағасынан ең көбі 20 пайыз. "
ҚР Даму банкі автонесиелердің "Қазақстан Халық банкі" АҚ (3 миллиард теңге), "Еуразиялық Банк" АҚ (3 миллиард теңге), "Сбербанк России" АҚ ЕБ (3 миллиард теңге), "Банк Центр Кредит" АҚ (2 миллиард теңге) арқылы берілетінін хабарлады.
"Қарыз алушыларға "СарыарқаАвтоПром" ЖШС және "АЗИЯ АВТО" АҚ кәсіпорындарында құрастырылатын Kia, Toyota, Chevrolet, Skoda, Hyundai сияқты брендтердің 37 көлік моделі ұсынылады. Қаржыландырудың белгіленген лимиттері әр автокөлік өндірушіге 5,5 миллиард теңгеден құрайды. ҚДБ сайтында автокөлік модельдерінің толық тізбесімен танысуға болады", - делінген банк хабарламасында.
"Бағдарламаның тиімділігі іске қосылғаннан кейін келесі айда жергілікті өндірілген авто сатылымдары екі есеге артқанда айқын болды. Мұндай қызығушылық Қазақстанда автокөлікті несиеге алудың аса танымалдылығымен түсіндіріледі, ал іске қосылған мөлшерлемелері минималды жеңілдетілген несиелеудің мемлекеттік бағдарламасы барынша "қаржылай ыңғайлы" жаңа көлікке отырудың бірегей мүмкіндігін ұсынған дер кезіндегі және тиімді бағдарлама болды. Үкіметтің, "Бәйтерек" холдингінің қолдауымен табысты жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама еліміздің автокөлік нарығын және атап айтқанда автокөліктерді ресми сату құрылымында қазақстандық автокөліктердің үлесін 17,6 пайызға дейін арттырып, жергілікті автокөлік өндірісін дамытуға қуатты серпін берді. Автокөлік өнеркәсібі өз кезегінде сабақтас салаларға үлкен мультипликативті әсер береді, инновациялық технологиялар енгізеді, шетел инвестицияларын тартады, мыңдаған жұмыс орындарын ашады", - деп атап өтті "Қазақстандық Автобизнес Қауымдастығы" АЗБ президенті Андрей Лаврентьев.
Банктің мәліметінше, 2016 жылдың 8 қаңтарындағы жағдай бойынша ҚДБ желісі бойынша отандық автокөлік өндірушілерге қолдау көрсетуге 26 миллиард теңге бөлінді: 2015 жылдың сәуірінде 15 миллиард теңге көлемінде бірінші транш бағытталды. 2015 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, ҚДБ Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы аясында қарыз алуға жеке тұлғалардан коммерциялық банк-агенттерге келіп түскен 14 миллиард 094,5 миллион теңге сомаға өтінімдерді мақұлдады. Оның ішінде екінші деңгейдегі 6 банк жалпы 12 миллиард 921,6 миллион теңгеге отандық автокөлік өндірушілердің автокөліктерін сатып алуға 4 096 несие берді. Осылайша, бірінші транш аясында бөлінген 15 млрд теңгенің 86,14 пайызы нақты игерілді.
Дереккөз: tengrinews.kz