WBA (Super), IBF, IBO және WBC нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес қазақстандық боксшының рингке 2016 жылдың сәуір айында шығатынын айтты, - деп хабарлайды Vesti.kz.
"Том Леффлермен әңгімесінде ол сәуір айында жекпе-жек өткізетінін айтты. Маған Геннадийдің жаттығу залында 8-9 аптадан артық уақыт өткізгені ұнамайды. Сондықтан да, кездесудің өтетін уақыты белгілі болған кезде, ол 8-9 апта бұрын дайындала бастайды", - деді бапкер.
Еске сала кетейік, 15 желтоқсанда Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің арасындағы жекпе-жекке қатысты шешім шығарған болатын. WBC шешіміне сәйкес, екі боксшы жекпе-жек туралы өзара келісулері керек. Қыркүйек айында өткізілетін кездесуге өзара келісу үшін тараптарға 31 мамырға дейін уақыт берілді. Егер осы уақытқа дейін екі тарап мәмілеге келе алмаса, промоутерлік сауда тағайындалады. WBC чемпиондық атағына таласуға тараптардың бірі өз еркімен келіспесе, онда сол боксшы титулдан айырылады.
Дереккөз: tengrinews.kz