Алматы. 29 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстанда ауа райының күрделі болуынан жолаушылар тасымалдайтын 10 поезд кешігіп жатыр, деп хабарлады «ҚТЖ ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.
Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, ауа райының күрт бұзылуы көлік қатынасына қиындық келтіруде. Боран салдарынан барлық бағыттардағы автожолдар жабылып, әуе рейстері тоқтатылды. Жолаушылар тасымалдаудағы негізгі салмақ теміржолшыларға түсіп отыр.
Желтоқсанның 29-ында таңғы 5 сағат 30 минутта секундына 25 метрлік боран салдарынан Қарағанды жол бөлімшесінің Вишневка- Анар қума жолында №1076 жүк контейнерлік пойызының бір бос контейнері аударылып қалды.
Соның салдарынан электр желісінің тірегі зақымданып, телімге ток жүрмеді. №86 Астана-Сарыағаш, №674 Павлодар- Қарағанды, №328 Қостанай- Қарағанды, №318 Барановичи-Қарағанды, №854 Астана-Қарағанды, №4 Астана-Алматы-2, №84 Мәскеу- Қарағанды, №55 Қызылорда- Көкшетау, №701 Алматы-2- Петропавл, №853 Қарағанды-Астана бағытындағы жолаушылар пойыздары кестеден кешікті.
Шұғыл шаралар нәтижесінде 9-сағат 15 минутта пойыздар қозғалысы қалпына келтірілді.
Барлық кестеден кешіккен пойыздар тәулік ішінде кестеге енгізіледі.
Оның сыртында автокөлікпен шыға алмаған жолаушылардың сұранысын қанағаттандырып, Қарағанды облысы әкімдігінің өтінішімен №86 Астана-Сарыағаш, №606 Қарағанды- Балқаш, №156 Қарағанды –Жазқазған бағдарларындағы пойыздарға қосымша вагондар тіркелді.
Дереккөз: ҚазТАГ