Атырау, 28 қараша 15:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Президент Парламентке алғысын білдірді

2 643 просмотра

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталары депутаттарының және Сенат пен Мәжіліс аппаратының қызметкерлерінің қатысуымен өткен отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл депутаттық корпусқа, Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлеріне жаңажылдық құттықтауы жария етілді.

Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа жыл мерекесіне орай, Парламент депутаттарына және Сенат пен Мәжіліс аппаратының қызметкерлеріне арнайы құтықтау жолдағанын айта келе, оны жария ету үшін сөзді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.

«Қазақстан Респубилкасының Парламентіне! Құрметті депутаттар, құрметті Парламент Сенатының және Мәжілісінің аппарат қызметкерлері! Өтіп бара жатқан жылы Қазақстан үдемелі даму жолымен батыл ілгерілей түсті. Президент сайлауы өтіп, ол қоғамымыздың тұтастығын, елді толайым жаңғырту үшін таңдап алған бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеп берді. Бұл жыл тарихи жадыны жаңғырту, мемлекеттілікті жалпыұлттық бірлікті нығайту рухында өтті. Фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы, Ата заңымыздың 20 жылдығы айрықша маңызды оқиғаларға айналды.

Қазақ хандығының 550 жылдығын және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Елді индустриалды-инновациялық және инфрақұрылымдық дамыту ісінде маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартқан жоқ. Қазақстандықтар ертеңгі күнге нық сенімді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық интеграция одан ары жалғасты. Сондай-ақ, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қазақстан сыртқы нарықтардағы қолайсыз ықпалдарға қарамастан экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалды.

Бұған республика Парламентінің заң шығарушылық жемісті жұмысы елеулі септігін тигізді. Ағымдағы әлеуметтік-экономикалық шаралар үшін де, 5 инстиуттық реформа жүзеге асыру үшін де жедел және сапалы құқықтық негіз қаланды. Осы орайда, бүкіл депутаттық корпусқа, Сенат және Мәжіліс аппараттарының қызметкерлеріне сындарлы жұмысы және мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан баға жетпес үлестері үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, республикамызды дамыту жолындағы еңбектеріңізге кәсіби табыс, отбасылық игілік пен бақ-береке тілеймін»,- делінген Елбасы құттықтауында.

Дереккөз: inform.kz

29 желтоқсан 2015, 14:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.