Атырау, 28 қараша 15:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Астана соты пастор Қабдуақасовты 2 жылға соттады

2 156 просмотра

Астана қалалық соты бүгін "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасовты "діни алауыздық қоздырды" деп айыптап, екі жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Судья осылайша прокурордың бұған дейін Сарыарқа аудандық сотының Қабдуақасовқа шығарған үкіміне қарсылығын ішінара қанағаттандырған. Қабдуақасовқа жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім кесілді.

Сот Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдықованың пасторды ақтау туралы шағымын қанағаттандырмай тастады. Қабдуақасовты сот залынан қамауға әкеткен.

Сарыарқа аудандық 2-соты қарашаның 9-ы күні Қабдуақасовты «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабы (бұрынғы кодексте – 164-бап) бойынша айыпты деп танып, бас бостандығын жеті жылға шектеген.

Кейін Шалдықова сот үкіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты ақтау туралы шағым түсірген және сот материалдарындағы пасторды "діни алауыздық тудырды" деп айыптауға дәлел ретінде ұсынылған бірнеше аудио таспаны қайта тыңдауды сұраған. Прокурор К.Қамалбек адвокаттың өтінішіне қарсылық білдірсе де судья "сот тергеуін қайта қозғауға" қаулы етіп, аудио таспаны қайта тыңдатқан.

Прокурор Сарыарқа аудандық сотының үкіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты 6 жылға соттауды сұраған.

Тергеу материалы бойынша, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында Астанада жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студенттеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан. Ол биыл тамыздың 14-і күні ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған. Ықылас Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Дереккөз: azattyq.org

28 желтоқсан 2015, 10:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.