АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет 2016 жылдың наурыз айына дейін зейнетақы активтерін инвестициялау тетігін қайта қарайтын болады. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Дағдарысқа қарсы шараларға арналған Үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді.
«Зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында келер жылдың наурыз айына дейін зейнеткерлік активтерін инвестициялау тетігі қайта қаралатын болады. Ал 2016 жылдың шілдесіне дейін зейнетақы қорларының активтерін қазақстандық немесе шетелдік жекеменшік компаниялардың басқаруына беру тетіктері әзірленетін болады. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Проблемалы кредиттер қоры және басқа да қаржы институттары Ұлттық банктің бақылауынан шығарылады», деді Е. Досаев.
Министрдің айтуынша, Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп экономиканы долларсыздандыру мен корпоративтік құнды қағаздардың нарығын дамытуды және биржалық сауданы теңгелей қаржы құралдарымен ынталандыруды қарастырады. Ел аумағында сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын және олардың жарнамасындағы бағаларды ұлттық валютамен ғана белгілеуді қоса алғанда, теңге құралдарының тартымдылығын арттыру жөніндегі шешімдер қабылданатын болады.
Дереккөз: inform.kz