Қазақстанда мектептегі оқу аптасын бескүндікке ауыстыру мәселесі қаралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомстводағылардың айтуынша, бес күндік оқу аптасы жазғы каникулды қысқарту есебінен енгізілуі мүмкін.
"Қазіргі таңда Білім және ғылым министрілігі бес күндік оқу аптасына көшу туралы мәселені расында да қарап жатыр. Егер ол үшін жазғы каникулды қысқарту қажет болса, онда ең көбі екі апта болуы мүмкін. Қазіргі таңда Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сарапшылары бұл мәселені зерттеп жатыр, олар есептеп, бес күндік оқу аптасына көшудің тиімділігі бойынша болжамды айтады", - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаров.
Оның айтуынша, бұл мәселені зерттегеннен кейін оң нәтиже шықса, білім берудің мемлекеттік стандартына өзгерістер енгізіледі.
"Осы жылдың соңына дейін олар алдын ала қорытындыны береді деп ойлаймыз, біз оны зерттейміз. Егер бес күндік оқу аптасына көшу туралы шешім қабылданса, ол белгілі бір уақытты талап етеді, себебі қазіргі жалпы білім берудің мемлекеттік стандартына өзгерістер енгізу керек болады", - деді Шоқпаров.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бірінші сынып оқушыларын бес күндік оқу аптасына көшіру жоспарланған болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz