Келесi жылдың бiрiншi тоқсанында бiз қазақстандық визалар берудiң жаңа ережелерiн енгiзудi жоспарлап отырмыз. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы iстер министрi Ерлан Ыдырысов мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Осы жылы орын алған сыртқы экономикалық саясатқа қатысты 10 негiзгi оқиғаға тоқталсам, ең алдымен, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы келiсiмшарт өз күшiне ендi. Яғни, бiздiң кеңiстiкте ықпалдасқан экономикаға бейiмделген ұйым дүниеге келдi. Осы жылы одақтың жарғылық органдарын институционалдық рәсiмдеу аяқталды, сот өз жұмысын бастады. Әрине, осы жылғы жаһандық экономикалық тұрақсыздық ЕАЭО үшiн сын-қатерлерге толы болды. Алайда, одақ көшбасшылары атап өткендей, ЕАЭО-ның болашағы жарқын және бүгінгі экономикалық қиындықтарды жеңуде әлеуетi жоғары», - дейдi Е.Ыдырысов.
Министр, сондай-ақ, биылғы жылы Астанада өткен әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң V съезiн де аяқталуға таяп қалған жылдың ауқымды шараларының бiрi деп атады.
«Инвестициялар тарту саласындағы ауқымды жұмыстардың да маңыздылығын атап өткiм келедi. Бұл орайда, Қазақстан үшiн әлеуеттi инвестициялық маңызы бар мемлекеттер үшiн визасыз режимдi ұсыну бойынша пилоттық жобаның мерзiмi ұзартылды. Егер, 2014 жылы бұл режим 10 мемлекетке ұсынылса, осы жылы пилоттық жоба 20 мемлекетке дейiн кеңейтiлдi. Бұл бiздің еуропалық және азиялық кеңiстiктегi iрi серiктестерiмiз. Бұл инвестициялық климатты жақсартудағы маңызды элемент. Жалпы, визалық жұмыстар бiз үшiн ерекше басымдылыққа ие. Келесi жылдың бiрiншi тоқсанында бiз қазақстандық визалар берудiң жаңа ережелерiн енгiзудi жоспарлап отырмыз. Жаңа ережелер виза алуды оңтайландыру, шетелдiк азаматтар үшiн қолайлы болуын қарастырады», - деген ол қазiргi уақытта шекара қызметi және iшкi iстер министрлiгiмен тиісті жұмыстар жүргiзiп жатқанын айтты.
23 желтоқсан 2015, 11:37