НВО телеарнасының белгілі сарапшысы Харольд Ледерман орта салмақта WBA (Super), WBC (Interim), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинді "2015 жыл боксшысы" деп атады, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Сарапшының мәлімдеуінше, оған Головкиннің күрделі әрі жекпе-жекті жиі өткізуге деген ынтасы ұнайды. Ледерманның айтуынша, боксшылардың көпшілігі жылына бір немесе екі кездесу өткізумен шектеледі, ал қазақстандық боксшы 2015 жылы үш рет жұдырықтасып үлгерді. "Головкин бұл жылды Мартин Мюрреймен жекпе-жек өткізіп бастады және оны 11-раундта нокаутқа түсірді. Осыдан кейін ол Калифорнияда кіші Вилли Монроны алтыншы раундта жеңді. Содан кейін біз оның Давид Лемьеге қарсы өткізген керемет кездесуінің куәгері болдық. Биыл Головкин үшін ұлы жыл болды. Ол орта дивизионның шыңында тұр және мен бұл дивизионда оны жеңе алатын адамды көріп тұрған жоқпын. Келесі жыл да керемет болады деп үміттенемін", - деді Ледерман. Головкин жайлы өзге жаңалықтарды мына жерден оқуға болады.
Айта кетейік, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, International Business Times тұжырымымен қазақстандық боксшы салмақ дәрежесіне қарамастан (Pound-For-Pound) әлемнің ең үздік боксшыларының рейтингінде көш бастады. Сонымен қатар, Американың атақты USA Today басылымы қазақстандық боксшыны "2015 жылдың үздік спорт суреттері" топтамасына қосты.
Дереккөз: tengrinews.kz