Жақында Президенттің жиені Айсұлтан Назарбаев өмірден өткен әкесі Рахат Әлиевті еске алып, Facebook-тегі парақшасында ол туралы ойларын жазды.
"Жақында менің көзіме Бұқар жыраудың айтқан бір нақыл сөзі шалынды (Абылай ханның кеңесшісі): "Әкелі бала – жау жүрек, әкесіз бала – сұм жүрек. Өз әкесін мойындаған адам – батыл. Өз әкесінен безген адам – зұлым".
Кейбір жағдайларға байланысты 10 желтоқсан күні мен осы сөздерді оқыдым. Сол күні менің әкем Рахат Әлиев өзінің 53 жасын қарсы алар ма еді, алайда, өкінішке қарай, Алланың өзге жоспарлары болыпты. Ол өте қарапайым адам болатын, алайда өмір деген қиын дүние. Онда бәрі қара немесе ақ болуы мүмкін. Өмірдің мәні – ерекшелігі мен өзгешелігінде. Маған жақсы тәрбие берді, өсірді, оқытты, дәл сол адам менің футбол мен спортқа деген махаббатымды оятқан, сондықтан да мен оны әрқашан тек жақсы әке ретінде еске аламын. Қандай жағдай болмасын, өз әкесінің ұлы ретінде мен оған тек алғыс айтамын.
Кейде мен ол туралы әртүрлі нәрселерді оқимын. Оны сыйлаған және жақсы көрген адамдар бар, және әлі күнге дейін көргісі келмейтін де адамдар бар. Мен Алладан қорқатын адам ретінде ешкімді сөкпеймін, ерте ме, кеш пе бәріміз соның алдына барамыз, сонда әркім өзінің шындығына қарай жауап береді. Біреуді сөгу – әркім көтере білмейтін өте ауыр салмақ. Тіпті, президент өткенін еске алып отырып, әкемнің тағдырына қатысты шешім қабылдағанда қатты қиналғанын айтты. Мен атамның бойындағы батылдық пен жігерлілікке таңданамын. Көп адам біле бермейді, ол менің әкемнің орнын алмастырып, қайратты жүрек пен парасатты ақыл арқылы өмір сүруге үйреткенін... Мен ойлаймын осының арқасында шындықтан қорықпай, өз арымнан ұялмай, өзіммен өзім болуды үйрендім. Ол мені шынайы өмір және өз үндестігіммен өмір сүруге үйретті.
Көпшіліктің алдында өзімнің ертеңім үшін әкемнен теріс айналуым керек деген пікір айтқан менің өмірімде кеңесшілер де болды. Өкінішті, егер ондай адамдардың жаны болмаса ондай адамдар қалай өмір сүреді? Мен өз әкемнен теріс айналуды ешқашан да ойлаған емеспін. Себебі, анаммен маған өмір сыйлаған адам – әкем болғандықтан менің ойымды ешкім де, ештеңе де өзгерте алмайды.
Мен қандай да бір жеке мақсаттар үшін немесе қандай да бір мансап үшін одан бас тартпақ емеспін. Өмірді сүріп және өмірімнің соңына дейін өз-өзіне адал болып қалудан асқан мансап жоқ. Менің бұл дүниеде қатты қорқатын нәрсем көп, жылдардан кейін оянып, өзімді жоғалтып алғанымды сезіну. Дәл сондай адамдардың осы өмірде де, ана өмірде де бақыты мен тыныштығы болмайды.
10 желтоқсан күні әкемді тек жақсы ойлармен еске алдым. Менің жүрегімде дәл сол сәтте ешқандай зұлымдық болған жоқ. Тек жылы сезімдер мен көкте ғана көрісетініміз жайлы аздаған өкініш болды. Мен "өмірден өткендер туралы жақсылығын ғана айту керек деп" соңына сөз қалдырған адам өте дана кісі болған деп санаймын. Қазір менің де отбасым бар, Иншалла балаларым да болады. Менің тағдырым қандай боларын білмеймін, бірақ бәрінен бұрын ұлым немесе ұлдарым мені дәл солай, ештеңеге қарамастан, құрметпен еске алып отырғанын қалаймын. Сол кезде мен, тіпті аспанда оларға Бұқар жыраудың өзі “сендер нағыз ерсіңдер – мақтан тұтамын" деген сөздерімен қарап тұра аламын".
Facebook-тегі парақшасында Айсұлтан Рахатұлы осылай деп жазды. Иә, олар біртұтас отбасы еді. Непотизм. Отбасы ойран болды. Бір-ақ күнің ішінде әкесі баласына жау болып шыға келді. Айсұлтанның Президент атасының өзі, Рахат Әлиевті абақтыға қаматудың оңайға түспегенін, өйткені немерелері мен қыздарының Рахататқа рақымшылық жасауын сұрап келгендігі туралы айтқан болатын (https://www.youtube.com/watch?v=TNLMuUnRiLg). Алайда Заң алдында әрбір қазақстандықтың тең екендігіне Президент пәрмен етті.
Дегенмен, отбасылық «авторитет» деген бар ғой. Президент фүтболдан азды-кем хабары бар немере жиеніне қолдау білдіріп, ҚФФ төрағалығына тағайындау туралы шешімге келсе керек. Оны Айсұлтан Рахатұлы Назарбаевтың өзі мойындады. Сонымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев Қазақстан футбол федерациясы басшысы қызметін атқарғысы келетін ниетін ашық жариялап жатыр. Федерацияның қазіргі президенті Ерлан Қожағапановты отставкаға жіберу мәселесін көтерді. Қожағапанов кетті. Әкесі үшін баласы ұялады деген нәумиездікті қоя тұрып, Айсұлтан туралы сөз етейік енді.
Vesti.kz сайты Айсұлтан Назарбаевтың «Алланың қалауымен осындай әулетте, яғни Елбасымыз әрі президентіміздің отбасында дүниеге келдім. Президенттің жиені болу – менің негізгі әрі тәулігіне 24 сағат бойы атқаратын қызметім» деген сөздерін келтірген.
25 жастағы Айсұлтан Назарбаев – Ұлыбританияның құрлық әскерлерінің «Сандхерст» әскери академиясының түлегі. Өзінің жазуынша, академияда оқып жүріп «Ұлыбританияның жетекші клубтарында» ойнаған.
Непотизмнің негізгі фигуранты болған әкесі марқұм мен Айсұлтанның арасында байланыс мүлде болмаған деу де жаңсақтық. 2009 жылы Азаттық сайтында жарық көрген мақалада, Рахаттың отбасымен ара-тұра көрісіп тұратыны айтылған.
Ал марқұм Рахат ше? Рахат Әлиев – Қазақстан истеблишменті үшін қатардағы қазақстандық саналмаса керек-ті. Ол бірінші кезекте ҚР Президентінің бұрынғы күйеу баласы. Әкесі қанша жерден қылмыскер болса да, оның балалары үшін Нұрсұлтан Әбішұлы – ата. Содан кейін барып, Рахат экс-елші, бейресми диссидент. Өзін-өзі жариялаған – билік оппоненті.
Рас, Айсұлтан әлі жас. Жас келсе – іске. Шетелде жинақтаған тәжірбиелері мен Қазақстанда жүріп үйренгендерін енді Қазақстан футболына салатынына үлкен сеніммен қараймыз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы