Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысындағы жаңа фармацевтикалық зауытты іске қосты.
«Құрметті Президент мырза! Ең алдымен, Қазақстанда жайлы инвестициялық ахуал қалыптастырғаныңыз үшін Сізге алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Глобал Фарм компаниясы түріктің фармацевтика секторындағы көшбасшысы «Абди Ибрагим» компаниясымен бірлесіп, жылдық қуаты 1,5 миллиардқа дейінгі таблетка мен капсуланы шығаратын жаңа зауытты іске қосып, дәрі-дәрмек атауын 200-ге дейін жеткізді. Мен үшін GMP стандарттарына сай дәрілік препараттар шығаратын, экспортқа бағдарланған жаңа заманауи зауытты Сізге таныстыру зор мәртебе. Аса құрметті Елбасы, зауытты іске қосуға рұқсат етіңіз!» - деді «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС-ның Бас директоры Тайфун Мерич.
«Дәрі-дәрмек бізге өте керек еді. Түрік ағайындардың көмегімен іске қосылатын мына жаңа өндіріс бізге қажет. Халықтың денсаулығына жарайтын болсын, денсаулығын түзейтін болсын. Іске қосайық», - деді ҚР Президенті.
Айта кетейік, Алматы облысындағы жаңа фармацевтикалық зауыт GMP стандарттарына сай дәрілік препараттар шығарады. Зауыт түрік фармацевтика секторының үздігі - АБДИ ИБРАХИМ компаниясына тиесілі. Кәсіпорын дәрілік өсімдіктерге бай Қазақстанның дәрі-дәрмекті сырттан тасуын азайтып, фармацевтика дамуын 10 пайызға арттырып, жетекші елдер қатарына енуге мүмкіндік береді. Зауыт шығаратын қан қысымын төмендететін және туберкулезге қарсы препараттар, қандағы қант құрамын төмендететін дәрілер мен жаңа антивирустық препараттар сапалы әрі қауіпсіз. Өнім экспортқа да бағытталған.
Дереккөз: ҚазАқпарат