"Қазақстан аруы 2015" ұлттық конкурсын ақтаулық ару Әлия Мергенбаева жеңіп алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қорытындыны Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жария етті.
Конкурс финалына елдің барлық өңірінен 30 қыз қатысты.
Бастапқыда қазылар алқасы осы отыздықтан ТОП-15 іріктеп алды.
Қолдан тігілген ұлттық киім кию және кешкі көйлектермен сахнаға шығу номерінен кейін финалға шыққан бес арудың аты-жөні аталды, олар: Ақтау аруы Әлия Мергенбаева, ол 17 жаста; Астана аруы Камилла Темірова, ол 21 жаста; Қарағанды аруы Рената Нұрғазина - 18 жас; Талдықорған аруы Айдана Қанайева - 19 жас, Орал аруы Вероника Залата - 18 жас.
Шешуші кезең халық арасынан дауыс жинау болды, ол тікелей эфирде sms-дауыс беру арқылы өтті. Бірақ дауыс беру нәтижелерін жария етудің алдында ақтық сынға шыққан бес ару қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Осылайша көрермен қатысушылар туралы толығырақ мәлімет ала алды.
Мәселен, 17 жастағы Әлия Мергенбаевадан қандай кітаптарды оқитыны жайлы сұралды. Әлия кітап оқымайтынын, бірақ Интернетте қызықты оқиғалар жайлы оқығанды ұнататынын айтып берді. Ал қарағандылық 18 жастағы Рената Нұрғазинаның ет тағамдарын жемейтіні белгілі болды.
Бұл уақытта дәлізде үздік бестікке енбей қалған қыздарды көруге болатын еді.
Конкурс жеңімпазы 5 миллион теңге ақшалай сыйлыққа, қазақтың дәстүрлі жасауына, сонымен қатар Қазақстанды "Әлем аруы-2016" халықаралық конкурсында таныстыру мәртебесіне ие болды.
Дереккөз:tengrinews.kz