ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті жұмыртқа бағасы негізсіз өсірілген деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, тамыз айымен салыстырғанда желтоқсанда тауық жұмыртқаларының бағалары 5,3-тен 100 пайызға дейін өскен.
"ТМРБҚ комитеті жүргізіп отырған зерттеулер жекелеген өндірушілерде тауық жұмыртқаларының бағаларын көтеруге себеп жоқ екенін көрсетті. Бағалар нарыққа қатысушылардың тарапынан бағалық сөз байласу және үстем жағдайын теріс пайдалану арқылы алыпсатар тәсілімен негізсіз көтерілген", - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта ТМРБҚ комитеті бағалық сөз байласу белгілері бойынша 50 субъектіге қатысты 12 тергеу, ал үстем жағдайын теріс пайдалану бойынша 1 тергеу монополиялық жоғары бағаны белгілеу және жұмыртқаны өткізуді шектеу бөлігінде тағайындады.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та қылмыстық істер туралы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. ТМРБҚ комитеті және оның аумақтық бөлімшелері құс фабрикаларының басшыларына қатысты қылмыстық істер қозғау үшін қандай да бір материалдарды құқық қорғау органдарына бермегенін хабарлады.
Дереккөз: tengrinews.kz