Алматы облысында із-түссіз жоғалып кеткен студент қыз Айзада Авлатарованың жоғалуына қатысы бар деген күдікті анықталды, деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.
20 жастағы студент қыз 3 желтоқсанда жоғалып кеткен болатын. Айзада көрші Өтеген батыр ауылындағы (қыздың үйінен 25 шақырымдағы) оқуына бару үшін таксиге отырған. Дегенмен ол тиісті жеріне жетпеді. Қыздың үстінде сол күні қара күрте, көк шалбар мен қызғылт орамал болған.
"Іздестіру шаралары кезінде куәгерлер табылып, олардың берген түсініктемелері бойынша күдіктінің аты-жөні анықталды. Мәліметтерге сүйенсек, Н. есімді күдікті 1970 жылы туылған. Ол бұған дейін бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, ол автокөлік ұрлығы мен басқа да құқық бұзушылық жасағаны үшін іздестіріліп жатыр", — деп хабарлады ІІД.
Іс ҚР ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары