Астана. 27 қараша. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігі британдық SSTL-мен бірге жер сілкінісін болжай алатын ғарыш жүйесін құрады, деп хабарлады ҚР инвестиция және даму министрлігінің аэроғарыш комитеті басшысының орынбасары Мейірбек Молдабеков.
«Қазіргі таңда «Қазғарыш» SSTL компаниясымен бірге ғылыми-технологиялық бағыттағы ғарыш жүйесін құруда. Бұл технологиялық ғарыштық аппарат пен ғылыми ғарыштық аппарат. Технологиялық аппаратта ұшу әзірлемелері дайындалып, қазақстандық ноу-хау пайда болса біз оларды отандық ғарыш аппараттарын құруға қолданамыз. Ғылыми аппарат жер сілкінісін болжау үшін қолданылады», - деді М.Молдабеков жұма күні «Қазақстандағы ғарыш күндері -2015» халықаралық семинарында.
Кейін ол журналистерге аталмыш жүйені іске қосу 2016 жылдың аяғына, 2017 жылдың басына жоспарланғанын айтты.
«Оларды (2 аппаратты – ҚазТАГ) 2016 жылдың желтоқсан айында, немесе іске қосу терезесіне орай – ол зымыранды ұшыруға байланысты – 2017 жылдың басында іске қосу жоспарлануда. Бұл аппараттардың екеуі де акционерлері біз болып табылатын «Днепр» зымыран-тасымалдағышының, «Космотрас» компаниясының көмегімен іске қосылатын болады», - деді ол.
Бұл ретте, оның айтуынша, әзірге «Днепр» ЗТ бойынша барлық процестер «жоспар бойынша» іске асып жатыр.
Дереккөз: ҚазТАГ