Ақшасыз әрі донорсыз қалған ата-ана балаларының күн санап жағдайы қиындағанын айтады. Қос бірдей бүйрегі жұмыс істеуден қалған бір жарым жасар сәбидің емінің ақшасына қол салған күдіктінің аты Серік Бекмұратов.
Бұл туралы бүлдіршіннің анасы Әсем Қабақова NUR.KZ тілшісіне хабарлады. Жас ананың сөзінше, қызы Інжу Мұртабаеваның бүйрегінің жұмысы істемей, қатты науқастанып жатқанына 1 жылдың жүзі болған. Дәрігерлер бүлдіршіннің қос бүйрегін және бауырын ауыстыру керек деген диагноз қойған. Осыдан соң Әсем Қабақова жатпай тұрмай баласына донор іздейді.
«Менің телефоныма 1983 жылы Орал қаласында туылған Серік Бекмұратов деген азамат қоңырау шалып, донор болуға дайын екенін айтты. Жас жігіттің бір бүйрегін беруге не үшін келіскенін сұрап едім, қарызым басымнан асып кетті. Бір бүйрегімді сатып құтылмасам болмайды деді. Ақтөбеден баламды алып, Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығына келсем, Серік бүйрек ауыстыру бөлімінің басшысының алдында отыр. Сол жерден танысып, дәрігердің нұсқауы бойынша толық тексеруден өттік. Алғашқысында ақ халаттылар Серіктің бүйрегі Інжуге жарайды деп, 4-5 күн өткен соң бүйректердің сәйкестігі 50 пайыз ғана, Астанаға барып, қайта тексеріліңдер деді. Маған Серік қоңырау шалып, дәрігерлер «дәметіп» тұр, 400 мың теңге беру керек. Сонда барлығы сәйкес болып, тездетіп ота жасайды деді. Мен күннен күнге жағдайы ауырлап бара жатқан балам үшін 475 мың теңгені Серік Бекмұратовтың банктік каторчкасына салдым. Ол ақшаны Сызғановтағы дәрігерге бердім дейді. Ал дәрігерлер болса Серіктен ақша алмадық дейді. Кімге сенерімді білмеймін. Міне содан бері жарты жыл өтті не бүйрек жоқ, не ақша жоқ. Қазір құзырлы органға арыз жазбақпын. Осыны ескертіп, Серікке уақыт бердім. Ол 25 қарашаға дейін баламның еміне арналған қаржыны әкеп бермесе, мәселесін май шаммен шенділер қарайды", – дейді Әсем Қабақова.
Күн санап, жағдайы аурылаған Інжу Дарханқызы болса денесіндегі дерттің салдарынан жүру түгіл, еңбектеуден қалған. Ал шырылдаған ана баласын аман алып қалу үшін донор таппай жүргенін айтады.
Сондай-ақ Әсем Қабақова науқас балалардың емінің қаржысынан пайда табатын алаяқтардың көптігінен жағасын ұстап отыр. Сондықтан да донормын деп келгеннің барлығына сене бермеуге кеңес береді.
«Туыстардың арасынан донор іздеп жатырмын. Келісім бергенмен медициналық сәйкестік болмай жатыр. Жалпы донорлыққа жақыныңнан артық адам жоқ екеніне көзім жетті» дейді ол.
Дереккөз: nur.kz