Фото: kazradio.kaztrk.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі негізінде Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылмақ. Халықаралық және отандық сарапшылар ұсынымы негізінде құрылатын жүйе негізінен эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде құрылатын болады. Аталған қызметтің негізгі функциялары - эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету, инфекциялық және негізгі инфекциялық емес ауру түрлеріне мониторинг жүргізу және алдын алу шараларына халықты жұмылдырып, бұған қатысты жұртшылықтың хабардарлығын арттыру болып табылады.
«Тоқтала кететін жайт, 2014 жылдың соңына таман Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет Ұлттық экономика министрлігіне берілген болатын. Ал жаңа бағыт аясында біз 2016 жыл барысында жоғарыда айтылған функцияларды бөлу жұмыстарын жүзеге асыратын боламыз. Мәселен, соның ішінде инфекциялық ауруларға мониторинг, ден қою, таратпау, олардың ошағын жою секілді жұмыстар мен оларды үйлестіру қызметі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне беріледі. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер Ұлттық экономика министрлігінің құрамында қалатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі екі деңгейден тұрады. Бұл ретте министрлік деңгейінде тұтастай республика бойынша эпидемиологиялық қадағалаулар жасалып, әдістемелік қамтамасыз етулер, стратегиялар әзірлеу, азаматтардың денсаулығын нығайту мен жақсарту индикаторларына мониторинг жасалатын болады. Ал өңірлік деңгейде функцияларды жүзеге асыру жүктеледі.
«Өңірлердегі қызметтер өздерінің эпидемиологиялық карталарын иеленіп, азаматтардың денсаулығына әсер ететін факторлар бойынша факторларды айқындайды», - деді министр.
Сенаторлар «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасымен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында өткен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын таныстырды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің айтуынша, жаңа құжат бұған дейінгі екі мемелкеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылады. Атап айтқанда, 2005-2009 жылдарға арналған бағдарлама негізінен денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуды, кадрлар біліктілігін арттыруды қарастырса, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесі қызметінің нарықтық тетіктер негізі қаланды.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұған дейінгі кезеңдерде денсаулық сақтау саласында біршама жетістіктерге қол жетті. Атап айтқанда, халықтың өмір сүру ұзақтығы 71,62 жасқа жетсе, халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 15,3 пайызға төмендеген. Бұдан бөлек, туу көрсеткіші 2,6 пайызға өссе, сәби өлімінің көрсеткіші 1,7 есеге төмендеген, ал ана өлімі 1,9 есеге азайған.
«Ал жаңа «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша азаматтар денсаулығын сақтауға қатысты мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы ынтымақты жауапкершілік қағидаты енгізіледі. Мұндай принцп Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басым бөлігінде қамтылған. Сондықтан да, біз жаңа бағдарлама аясында Елбасының тапсырмасына сәйкес, аталған елдердің стандарттарын сатылап енгізетін боламыз», - деді министр Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша алдағы 4 жыл ішінде денсаулық сақтау саласында бірқатар стратегиялық мақсаттар белгіленіп отыр. Атап айтқанда, 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласындағы басқару мен қаржыландыру жүйесін жетілдіру межеленіп отыр.
Дереккөз: inform.kz