Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы әуежайлар мен теміржол вокзалдарында қауіпсіздік шараларын күшейтті деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Министрліктің көліктегі ішкі істер департаментінің ақпаратына қарағанда, әуежайлар мен теміржол вокзалдарында полиция қарауылы қойылып, олар әскерилендірілген теміржол күзеті мекемесінің қызметкерлерімен және әуежай қауіпсіздігі қызметімен бірлесіп әуежайлар мен теміржол вокзалдарын қарауылдайды. Департамент әуежайларда ұшып келетін және ұшып кететін жолаушылар күндіз-түні тексерілетінін, ал теміржолдарда әскери күзет қызметкерлері келген жолаушыларды метал анықтағыш құралдармен қолмен тексеретінін айтады.
Қазірге дейін Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Шымкент, Өскемен, Қостанай және Көкшетау қалаларының әуежайларының кіреберісіне алғашқы тексеру құралдары орнатылған. Қалған қалалардың әуежайларына да мұндай құрылғылар орнату жоспарланған.
Бұған дейін Астана әуежайында "кейбір шет елдерде болып жатқан қайғылы оқиғаларға байланысты" қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қосымша тексеру жабдықтары орнатылғаны хабарланған еді.
3 қарашада Париж қаласында бірнеше теракт болып, 132 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардан 350-ге тарта адам жараланған. Терактілерді "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.
Дереккөз/фото: azattyq.org