Елімізге контрабандалық темекі өнімдері жаппай ағылуы мүмкін. Акциздердің бірден 3 есе қымбаттауының салдары осындай болады дейді осы салада жүрген кәсіпкерлер. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қазірдің өзінде арзан бағамен саудаланып жатқан шылымның басым бөлігі Ресей мен Қырғызстаннан жеткізілген контрабанда көрінеді. Дегенмен бұл кәсіпкерлердің пікірімен мүлдем келіспейтіндер де көп.
Осындай ұйымдар елімізде шығарылатын әрбір мың темекінің акцизін 3900 теңгеден 12 мыңға дейін көтеру жайлы ұсыныс жасапты. Егер мұны үкімет қолдаса, бір қорап темекінің бағасы мың теңгеге дейін көтерілмек.
Қымбат шылым – осы жаман әдетке құмарлардың санын еселеп төмендетеді дейді белсенділер. Кәсіпкерлердің де өз уәжі бар.
Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы баға саясаты бірдей емес. Егер акциз қымбаттаса, компаниялардың басым бөлігі көлеңкелі бизнеспен айналысып, бөлшек сауданы қадағалау қиындайын деп тұр.
“Кәсіпкерлердің шығыны арта түседі. Тығырықтан шығар жол іздеген компаниялар контрафактілі тауар шығарып, сататын болады. Бұл сала осылай қылмыстың ордасына айналуы мүмкін. Сондықтан акцизді қымбаттатудан өзге жолдар қарастырылуы тиіс", – дейді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішев.
Дереккөз: nur.kz