Атырау, 28 қараша 09:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Теріс ағымды насихаттайтын материалдар Сауд Арабиясы, Түркия, Мысыр елдерінен Қазақстанға ағылуда

1 923 просмотра

Қазақстанға діни әдебиеттер көбіне пошта арқылы келеді. Мұндай ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратып отыр деп хабарлайды Астана арнасы.

Олардың дерегінше, теріс ағымды насихаттайтын материалдар көбіне Сауд Арабиясы, Түркия, Мысыр елдерінен келеді. Заңсыз әдебиеттер ара-тұра Қырғызстан мен Өзбекстаннан да енеді екен. Осыған байланысты қазір кедендік бақылау жүйесі күшейтілді.

Таяу Шығыстағы экстремистік ұйымдар діни әдебиеттерді тарату үшін халықаралық пошта қызметін пайдаланып жүр. Мемлекеттік кірістер комитеті экономикалық тергеу қызметінің дерегі осы. Құзырлы орган өкілдері ара-тұра теріс ағымдарды насихаттайтын материалдардың анықталып отыратынын айтады. Бірақ бүгінге дейін үлкен топтамалар болған жоқ, – дейді.

“Әзірге экстремисттік материалдардың үлкен топтамасын тәркілеген жоқпыз. Тыйым салынған аудио және бейне материалдар Қазақстанға енуі мүмкін. Бізде заңсыз әдебиеттердің тізімі бар", – дейді кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бас сарапшысы Юрий Ким.

Павлодар облысында шетелден келетін заттар арнайы сканерлеуден өтеді. Демек пошташыларға тек тексерістен өткен тауарлар ғана түседі. «Қазпошта» компаниясының өкілі соңғы кезде өзге елдерден келген заттардың саны артқанын айтады. Халық ғаламтор арқылы жиі тауар сатып алатын болған. Сырттан келетін дүние-мүліктің ішінде кітаптар да бар. Өткен 10 айда Павлодардың орталық бөлімі арқылы 7 350 зат өткен. Оның ішінде Түркиядан 78, Араб әмірліктерінен 6 зат келіпті.

“Шетелден келген заттар арнайы сканерлерден өтеді. Барлық пошталық сәлемдемелерді тексеруге байланысты кедендік органдармен бірлескен жоспарымыз бар. Қоян-қолтық әріптестіктің арқасында жүйелі жұмыс атқарып отырмыз", – дейді «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалы пошта технологиялары бөлімі басшысы Гүлмандай Шәкенова.

Ал бір ай бұрын Шығыс Қазақстан облысында 23 жастағы әйел, экстремистік бағыттағы материалдар сақтағаны үшін сот алдында жауап берді. Тәртіп сақшылары Елизаветаның үйінен зорлық-зомбылықты насихаттайтын жүзден астам аудио және бейнежазбаны, сондай-ақ 26 мәтінді тапқан. Бірақ сот оның өзгелерді теріс ағымға шақырмағанын ескеріп, жеңіл жаза тағайындады. Зырян ауданының тұрғыны 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі. Азаматшаның өзі бұл құжаттардың заңсыз екенін білмеген. Ал сала мамандары теріс ағымдағы кітаптарды өзге әдебиеттерден айыру қиын емес дейді.

“Қазір біз шығаратын әдебиеттердің көбінде бірінші бетінде Діни басқармамен бекітілді деген мөр қойылады. Бүгінде ғаламтордағы бейнежазбаларда біз араб жазуы бар қара жалауларды көреміз. Қара түсті ту негізінде экстремисттердің белгісі", – дейді ШҚО діни жағдайды сараптау және бақылау бөлімінің жетекшісі Арнагүл Омарбаева.

Жамбыл облысының бас имамы Данияр Жұмабаевтың пайымынша, жастар үшін ең алдымен жат дүниелер жазылған діни кітаптардан гөрі ғаламтор анағұрлым қауіпті. Балғындардың әлі қалыптаса қоймаған санасын улауға бейім небір сайттар бар. Күмәнді кітаптардан келетін қауіп-қатер оны қасында түк емес, дейді ол.

“Кітаптарды оқып ешкім адаспайды білім жолында. Ал енді адасқандардың көпшілігі интернеттерден, белгілі бір шейхтардың уағыздарын естіп, болмаса, солардың арнайы қазіргі онлайн жүйесінде отырып, олардың дәрістеріне қатысу арқылы, скайп арқылы өздерінің діни сауаттылықтарын жетілдіріп жатыр. «Осы теріс ағымға кетуіңе себеп не?» дегенде, олардың көпшілігінің айтуы да сол: «Біз пәлен шейіхтың дәстүрінде отырамыз», – дейді Жамбыл облысының бас имамы Данияр Жұмабаев.

Жер-жерде терактілердің белең алуына байланысты, қазір қазақстандық кедендік орган өкілдері тексерісті күшейтуді қолға алды. Әсіресе, күдік тудыратын жүктер мықтап тексеріліп, бақыланатын болады. Құзырлы орган өкілдерінің пайымынша, тек жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың арқасында ғана экстремизмге төтеп беруге болады.

Дереккөз: nur.kz

18 қараша 2015, 10:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.