Қазақстанның арнайы қызметтері әлемде лаңкестік оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты қауіпсіздік шараларын нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, деп мәлімдеді ҚР президенті баспасөз хатшысы Дәурен Абаев.
АСТАНА, 17 қар — Қазақстан жаңалықтары АА. Қазақстанның арнайы қызметтері әлемде лаңкестік оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты қауіпсіздік шараларын нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, деп мәлімдеді ҚР президенті баспасөз хатшысы Дәурен Абаев.
Қазанның соңында Ақорданың Facebook желісіндегі ресми парақшасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев журналистердің сауалына жауап беретін онлайн-брифинг іске қосылды.
"Соңғы күндері жиілеп кеткен лаңкестік актілер барлық елдердің қауіпсіздік шараларын нығайтуына елеулі түрткі болып жатқаны шындық. Біз де әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде бұған көз жұма қарай алмаймыз. Біздің арнайы қызметтер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқандығын айқын айта аламын",-деді Аkordapress ресми аккаунтында БАҚ сауалына жауап берген Абаев.
Оның айтуынша, жұртшылық оны аса сезіне қоймайды, ал шындығында бұл қызмет бір минут та тоқтаған емес.
"Бүгін лаңкестікке қарсы әрекеттер ісінде басқа елдердің қауіпсіздік органдарымен бірлескен жұмыстар жандандырылғанын атап өткім келеді",-деді Абаев.
Бұл ретте ол елбасының "терроризмге қарсы ислам" форумына қатысты ұсынысы түрлі елдердің көшбасшыларының тарапынан қолдауға ие болып жатқанын жеткізді.
"Форумның нақты өткізілетін күні мен оның форматы туралы әзірге айту ерте, себебі қазіргі уақытта ұйымдастыру жұмыстары дайындық сатысында",-деп қорытындылады баспасөз хатшысы.
Дереккөз: newskaz.kz