Алматыда қалыңдықты алып қашқандар бейнеленген ролик жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео Instagram желісіндегі instavideo_kaz парақшасында пайда болды. Видео сипаттамасына қарағанда, оқиға 12 қараша күні Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде болған. "Қыз сол колледждің студенті. Оны қырғыздардың номері бар көліктегі жігіттер ұрлап әкетті", - делінген сипаттамада. Қалалық ІІД мәліметінше, бұл видео тексеріліп жатыр, алайда ол туралы ақпарат әзірше жоқ. Оқу орны да болған оқиғаға қатысты түсінік берген жоқ.
Еске сала кетейік, биыл мамырда осыған ұқсас оқиға Шымкентте болды. Аты-жөнін жасырған қолданушы әлеуметтік желіде Шымкенттегі қыз алып қашқандар түсірілген видеоны жариялады. Алдымен instavideo_kaz парақшасында пайда болған жазбада екі жігіттің ақ түсті көлікке қызды күштеп отырғызғаны көрінеді. Ролик "ең қызық жерінен" үзіліп қалады.
Кейін Шымкентте алып қашудың құрбаны болған қыз ақыры тұрмысқа шығуға келісім берді. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі өзіне ұрланған қыздың телефон арқылы хабарласып, видеодан өзін көргенін және өз жағдайының жақсы екенін айтқанын мәлімдеді. Сөйтсе, ұрланған қыз ақыры өзін алып қашқан жігіттің біріне тұрмысқа шығуға келісім беріпті. Десе де, қыз қандай да бір мәлімет беруден тас тартып, дау тудырған видеоны өшіріп тастауды сұрапты.
Дереккөз: tengrinews.kz