Атырау, 28 қараша 08:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қазақстанда мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар Ынтымақтастық туралы ашық келісімге келеді

2 832 просмотра

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға азаматтық қоғам институттарын кеңінен тарту үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен Ынтымақтастық туралы ашық келісім жасалмақ.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған агенттіктің Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықтың алдын алу департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлім етті.

«Біз бастама көтеріп, барлық қазақстандықтарды, заңды тұлғаларды біздермен келісім жасасуға шақырамыз. Екі айдың ішінде датасы, мерзімі, нақты мақсаттары мен индикаторлары белгіленген іс-шара жоспарын құруымыз қажет. Онда біздердің неге қол жеткіміз келетіндігі және бірлесіп атқаратын істеріміз көрсетілуі тиіс», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ашық келісімге қосылу шарттары барынша қарапайым. Яғни, агенттікке немесе оның аумақтық бөлімшесіне қол қойылған қосылу туралы актіні жөнелту қажет. Ең біріншіден, агенттіктің сайтына кіріп, онда «Қоғаммен байланыс» бөлімінен ашық келісімді тауып алу керек.

«Екіншіден, жеке тұлға қосылу актісіне қол қойғаннан кейін оны тұрғылықты жері бойынша агенттіктің Астана мен Алматы қалаларындағы, облыстардағы аумақтық департаменттеріне жіберуі қажет. Ал республикалық деңгейдегі заңды тұлғалар қосылу туралы актіге қол қойып, оны көрсетілген мекенжай бойынша агенттіктің орталық аппаратына жөнелтеді. Өңірлік деңгейдегі заңды тұлғалар қол қойылған қосылу актісін тіркелген жеріндегі Астана мен Алматы қалаларындағы, облыстардағы агенттіктің аумақтық департаменттеріне жібереді», - деді Ә.Көмекбаев.

Айта кетерлігі, бүгінгі күні бұл келісімге Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы, Қазақстан Іскер әйелдері қауымдастығы, Қазақстан Журналистер одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы қосылып үлгерген.

Дереккөз: inform.kz

11 қараша 2015, 15:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.