АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК» АҚ «Қазақстан-Семей» филиалын «Қазақстан-Өскемен» филиалына біріктіру мәселесі бойынша мәлімдеме жасады.
Қазіргі уақытта «Қазақстан» РТРК» АҚ (бұдан әрі - Корпорация) Корпорацияның тиімділігін арттыру мақсатында оны трансформациялауды жүзеге асыруда.
Мемлекет аумағының 98% хабар таратумен қамтитын және әр өңір орталығында орналасқан 13 облыстық және Семей қаласындағы 1 қалалық филиалы бар, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын «Қазақстан» телеарнасы Корпорацияның басты медиа-ресурстарының бірі болып табылады.
1997 жылы өңірлерді әкімшілік реформалау кезінде Семей және Шығыс Қазақстан облыстары біріктіріліп, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы бір орталыққа бағындырылды. Нәтижесінде, бір әкімшілік-аумақтық бірлікте бірін-бірі қайталайтын 2 телеарна қызмет атқара бастады. Бұл жағдай мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына алып келді.
Бұдан басқа, «Ақпараттық Қазақстан - 2020» Стратегиялық даму жоспарына сәйкес 2018 жылға қарай Қазақстан Республикасының барлық аумағы сандық хабар таратуға толығымен ауыстырылу қарастырылған. Яғни, 2018 жылы қызмет көрсетуі үлкен шығындарды қажет ететін аналогтық хабар тарату толығымен тоқтатылады. Сандық пакетке, қалалық деңгейдегі арналарды қоспағанда, барлық облыстық телеарналар енгізілетін болады.
Жоғарыда айтылғанды негізге ала отырып, мемлекеттік қаражатты тиімді жұмсау мақсатында Корпорация «Қазақстан-Семей» телеарнасын «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының құрамына қосу туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, Семей қаласының тұрғындар саны 339 мыңнан астам адамға жететінін және олардың басым бөлігі «Қазақстан-Семей» телеарнасының аудиториясын құрайтынын ескере отырып, телеарнаның материалдық-техникалық базасындағы танымал бағдарламаларды «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының хабар тарату кестесіне қосу арқылы сақтап қала отырып, Семейде кеңейтілген тілшілер қосынын құру туралы шешім қабылданды.
Осы орайда, «Қазақстан-2050» даму Стратегиясын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» бес институционалдық реформасын, «Мәңгілік ел» патриоттық актісін, «Нұрлы жол» бағдарламасын және басқа да бағдарламалық құжаттарды орындау шеңберінде мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттары бүкіл Шығыс Қазақстан облысын хабар таратумен толық қамтитын «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы арқылы жүзеге асырылатын болады.
Қазіргі уақытта Семей қалалық телеарнасының жаңа жағдайдағы өндіріс көлемін анықтау мақсатында Корпорация қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның қорытындысы бойынша штаттық құрамы шамамен 30 бірліктен тұратын жаңа штаттық кесте қалыптастырылмақ. Семей қ. филиалында қызметінен босатылған барлық қызметкерлерге Корпорацияның өндірістік құрылымдарында, атап айтқанда Астана, Алматы қалаларындағы және басқа да облыстық филиалдардағы бос қызмет вакансиялары басымдық негізде ұсынылатын болады.
Мұнымен қатар, «Қазақстан-Семей» телеарнасының қаржылық қызметінің шығыны басым екендігін, атап айтқанда 158,5 млн. теңгені құрайтын жылдық жалпы шығынның құрылымы төмендегідей екенін атап өткен жөн:
жарнама қызметі есебінен түсетін коммерциялық кіріс «Қазақстан-Семей» филиалының жалпы кіріс сомасының 11% құрайды;
жергілікті бюджеттен кіріс сомасы 19% құрайды;
қалған шығын мемлекеттік бюджет есебінен дотацияланады.
Дереккөз: inform.kz