Азық-түлік бағасын қайта реттеп, ішкі нарықты қорғау бойынша іс-шараларды күшейту керек. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі үкіметтік сағатта ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Біз азық-түлік бағасын қайта реттеу керек деп есептейміз. Өкінішке қарай, бүгінде біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін бағаны бір деңгейде ұстауға мәжбүрлейміз. Бірақ бұл нарықта бәсеке бар деп айта аламыз. Бұл ретте, біз импортты, сауданы мүлдем реттемейміз. Нәтижесінде фабрикадан 10-12 теңгеден шыққан жұмыртқа дүкенде 20-25 теңгеге сатылады. Яғни, саудадағы маржа 100 пайызға жетеді, ал қаншама еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші бір жұмыртқадан 1 теңге ғана пайда табады», - дейді А.Мамытбеков.
Сондықтан, министрдің айтуынша, ішкі нарықты қорғау бойынша іс-шараларды күшейту керек.
«Сауда бәсекеге қабілетті болу керек және мұнда шектеу болмау керек. Бірақ біз өндіруші мен тұтынушы арасында делдалдарды қысқартуымыз қажет. Өнімнің қаншама қолдан өтетінін ескерсек, кімнің 100 пайыз пайда табатыны белгісіз, олардың салықты төлегенін не төлемегенін де білмейміз. Яғни, біз салықтық міндеттемелер және логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы бақылауды күшейткеніміз жөн», - деп толықтырды А.Мамытбеков.
Дереккөз: bnews.kz
9 қараша 2015, 15:59
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.