Мәжілісте 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып, отырысқа қатысушылар теңгенің тұрақсыздығына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Бұл туралы Қазақстан жаңалықтарына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Бейсенбі күні Данияр Ақышев басқаратын Ұлттық банк валюта бағамын еркіне жіберетінін айтқан болатын. Жұма күні Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 307,53 теңгеге дейін көтерілді.
«Биылғы жағдай бұрынғыдай емес. Екінші жыл қатарынан біз әрбір теңге үшін асықпай қарап, өте мұқият шешім шығаруға мәжбүрміз. Осы жолы уақытын біраз созып алдық», – дейді қаржы министрінің орынбасары Лена Кармазина.
Оның айтуынша, жағдай әр күн, әр сағат сайын өзгеріп, болжамдар қайтадан қарастырылуда.
«Жағдай өте қиын. Бізді ең бастыысы бюджет параметрлерінің айтарлықтай өзгеруі қорқытып отыр. Бұл – теңге бағамының өзгеруі мен инфляция деңгейі. Осы екі мәселеге байланысты біз неше күннен бері пікір таластырып жатырмыз. Сенбі-жексенбі күндері де талқылауға тура келеді», – деп қосып өтті ол.
«Әлі бекітілмей отырған параметр – бұл бағам. Осыған дейін Ұлттық банктің бұрынғы төрағасымен алдын-ала бағам келісілген. Сондықтан, біз бүгін-ақ бекіте береміз деп ойлап едік. Алайда, қазіргі жағдай өте қиын», – дейді мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова.
Дереккөз: nur.kz