Жақын арада ел бюджеті қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы «Қамшы» порталы КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Доллар бағамының күрт көтерілуі республикалық бюджетті қайта қарауға әкеп соғуы мүмкін екенін ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Үкімет бюджет шығындарын мұқият зерттеп, ондағы қысқартуға болатын бағыттарды анықтамақ.
Жыл басында бюджетке Елбасы тапсырмасы бойынша өзгерістер енгізіліп, шығындар 700 миллиард теңгеге қысқарған болатын. Ол өзгерістерге сай Алматыда өтетін Универсиада, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі және басқа мерекелік іс-шаралардың сметасы төмендетілді. Бұл өзгерістер ол кезде мұнай мен металл бағасының құлдырауымен түсіндірілді.
Валюта нарығындағы соңғы құбылыстар 2016-2018 жылға арналған бюджетті тағы да нақтылауға әкеп соғып отыр. Естеріңізге салсақ, бұл бюджетте мұнай баррелінің бағасы қырық доллар деп белгіленіп, АҚШ долларының бағамы 250 теңгеден аспайды деп жоспарланған болатын. Мұнай бағасы қазіргі таңда ойдағыдай болғанмен, валюта бағамы Үкімет мүшелерін біраз әурелейтін сияқты.
«Бұл мәселеде атап өтерлік бірнеше факторлар бар. Ұлттық банктің жаңа басшылығы қажетті шараларды қолданады деп сенемін. Үкіметке Ұлттық банктің теңестірілген, анық ақша-валюталық саясат жүргізгені керек. Өйткені, бқл біздің алдымызға қойылған міндеттерді сәтті орындаудың негізгі болып табылады», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Дереккөз: qamshy.kz