Ұлттық Банк резервтерді сақтау үшін өзінің ішкі валюта нарығына қатысуын қысқартады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, Ұлттық Банк 2015 жылғы қыркүйекте және қазанда, 2015 жылғы 20 тамызда жариялаған теңгенің еркін өзгермелі бағамына өту тәсілінен алшақтап, валюта нарығында валютаны сатуға кірісті.
Ведомствоның мәліметінше, Ұлттық Банктің валюта нарығына қатысу үлесі 60%-ға жетті. Осы кезеңде Ұлттық қор қаражатының және Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерінің есебінен 5 млрд-тан астам АҚШ доллары сатылған.
“Ұлттық Банктің және Ұлттық қордың алтынвалюта активтерін сақтау мақсатында Ұлттық Банк 2015 жылғы 5 қарашадан бастап өзінің валюта нарығына қатысуын барынша азайту туралы шешім қабылдады. Бұл Ұлттық Банктің еркін бағамды қалыптастыру және инфляциялық таргеттеуге өту жөніндегі бұрын жария етілген саясатына сәйкес келеді", — делінген хабарламада.
2015 жылғы 5 қарашада теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының номиналды өзгеруі өткен күндегі мәннің 5%-ын құрады. Бұл өзгеріс қаржылық тұрақтылық үшін қауіп төндірмейді және Ұлттық Банктің баға тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына қайшы келмейді. Ұлттық Банк өзінің сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын және іргелі факторлардың қолданылуын көрсетпейтін бағамның едәуір ауытқуын реттеу құқығын сақтайды.
Теңгенің айырбастау бағамының бұдан былайғы серпіні негізінен әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен айқындалатын факторлардың әсерінен қалыптасатын болады. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты бойынша бұрын жарияланған, 2015 жылғы 6 қарашаға жоспарланған отырысы ауыстырылып, өткізілу күні қосымша хабарланатын болады.
Дереккөз:nur.kz