Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Еңбек кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
АСТАНА, 5 қар — Қазақстан жаңалықтары АА. Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Еңбек кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа редакциядағы кодекс жобасы Елбасы айқындаған бес институционалдық реформадағы тапсырмаларды іске асыруға бағытталады. Сонымен қатар, құжат еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қамтып, ол Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына негізделген деп хабарлайды Қазақпарат.
Тұтастай алғанда, жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында мемлекеттік араласу шегін айқындауды, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін жіктеуді ұсынады.
«Мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс берушілер тарапынан олардың орындалуына қатаң бақылау жүргізеді. Бұл ретте ең төменгі әлеуметтік стандарттар әрбір азаматтың еңбек бостандығын, қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай еңбек жағдайын, еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз өтемақы алуын қамтамасыз етеді. Жұмыс берушілер мен қызметкердің арақатынастары басым түрде ұжымдық келісімдер мен шарттар арқылы реттеу қағидаттарына негізделетін болады», дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.Оның сөзіне қарағанда, заңдардың икемділігі инвесторлар үшін ғана емес, ең алдымен, жұмыс орындары үшін халықты жұмыспен қамту көзі болып табылатын кәсіпорындар үшін де маңызды. Осыған байланысты кодекс жобасында жұмыс берушілер үшін бір жағынан белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық жылжу, жұмыстан босату, қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеу рәсімдері жеңілдетілген. Екінші жағынан қызметкерлердің базалық еңбек мүмкіндіктері мен құқықтары белгіленіп, жеке ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту көзделеді. Осылайша, өз дәрежесінде дамымай келген келісімдер мен ұжымдық шарттар рөлін көтеру қарастырылады.
«Жаңа Еңбек кодексі жобасы кәсіпкерлікті, еңбек нарығын дамытуды, шетелдік инвесторлар тартуды белсендіре түспек. Бұдан басқа, мүгедектерді, жастарды, отбасылық міндеттері бар адамдарды қоса алғанда, жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс орындарын құруға ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар да қамтылады. Жалпы, кодекс жобасында әлеуметтік қорғау, әділеттілік, екінші жағынан, экономикалық тиімділік арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті үйлестіруді сақтау көзделеді», — дейді министр.
Дереккөз/фото: newskaz.kz