Атырау, 28 қараша 08:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Алматыда соққыға жығылған журналист шабуылдың себебіне қатысты өз нұсқасын айтты

2 445 просмотра

Белгілі журналист Бота Жұманова өзіне жасалған шабуылды кәсіби қызметімен тығыз байланысты деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы зардап шеккен журналистің өзі бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Бастапқыда шабуыл жасаған адамды табады деген сенім болған жоқ. Бұл нәтижеге әлеуметтік желілер мен медиада туындаған резонанстың ықпал еткеніне сенімдімін, сонымен қатар, құқық қорғау ұйымдарының белсендігіне алғыс айтамын. Маған тіпті "Норвежский Хельсинский Комитет", "Freedom House" сынды тағы да басқа ұйымдардың өкілдері хабарласты", - деп мәлімдеді Жұманова.

Оның айтуынша, тергеу барысында қылмыстық іс материалдарын таратуға оған тыйым салынған. Жұманованың мәлімдеуінше, өзіне шабуыл жасаған жігіт оны тонағысы келгенін мойындаған. "Шынымды айтсам, бұл нұсқа мені таңғалдырмады. Бұл оқиға менің материалдарым үшін болды деген күдігім бар, яғни менің кәсіби қызметіме байланысты. Алайда қандай жарияланымға байланысты екенін айта алмаймын, себебі сенімді емеспін. Нақты бір адамдарға жала жаба алмаймын", - деді жас журналист.

Айта кетейік, Бота Жұманова алдағы уақытта қоғамдық қор құруды жоспарлап отыр. "Әріптес-сарапшылармен бірге қоғамдық қорды тіркеуге қажетті құжаттарды дайындап жатырмыз, оның қызметі халықтың қаржы сауаттылығын дамытуға, жарияланымдар мен зерттеулерге байланысты болады. Сонымен қатар, біз зейнетақы жүйесіне қатысты реформа бойынша ұсыныс әзірлеп жатырмыз, ол қоғамның ашық талқысына түседі. Олар қолжетімді мағлұматтары бар кәсіби материалдар болғандықтан, қоғамдық қор мүшелеріне шабуыл жасау сынды жанжалдар болмайды деп ойлаймын", - деді ол.

Дереккөз: tengrinews.kz

4 қараша 2015, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.