Атырау, 28 қараша 07:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Сарапшылар зейнетақы қорының қаражатын бюджеттегі "тесіктерді" жамауға жұмсау туралы идеяға пікір білдірді

3 154 просмотра

Экономист Мақсат Сералы экономиканың жандануы үшін жұмсалғалы отырған зейнетақы қаражатын дағдарыстың бірінші жылында емес, ең соңғы кезекте пайдалану қажет деп санайды, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі. Осыған дейін Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетов 2016 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бір триллион шамасындағы қаражатының ел экономикасын несиелеуге, нақтырақ айтқанда банк секторына, тұрғын үй құрылысына және өзге де іргелес секторларға бағытталуы мүмкін екендігін мәлімдеген болатын.

Сералының айтуынша, ел экономикасының жандануына зейнетақы қаражатын бөлу туралы шешім қабылдамай тұрып, істің қандай салдарларының болуы мүмкін екендігін есепке алу қажет. Бір жағынан, шағын әрі орта бизнес қаражатқа мұқтаж және олар оның дамуына көмектеседі. Тағы бір мәселе - бөлінетін қаражат сақтандырылмаған, сонымен қатар оларды үлестірудің механизмі жоқ. "Мәселен, шағын және орта бизнес қаражат алды делік, бірақ ол банкротқа ұшырауы мүмкін, сонысымен де бөлінген қаражаттың қайтпай қалуы ғажап емес. Оның үстіне ақшаның қандай шарт бойынша, қандай мерзімге үлестірілетіні және ол банк арқылы беріле ме, жоқ әлде мемлекеттік бағдарлама арқылы үлестіріле ме, оның пайыздық мөлшерлемесінің қандай болатыны жайлы еш жерде жазылмаған. Айталық, қаражат "Даму" арқылы берілетін болса, ол жақта 7 пайыз, банктерде болса 20 пайыз", - деді экономист.

Жалпы айтқанда, дейді ол, бұл - бюджетке түсетін қаражаттың азаюына байланысты мәжбүрлі шара. Алайда Сералы зейнетақы қаражатын бөлуден бұрын бизнес жаңа жағдайға бейімделуі тиіс деген пікірді айтады. "Олар инвесторларды өздері іздеуі керек. Сұрағанда ғана бөлу керек, қазір ешкім сұрап отырған жоқ, әзірше шағын бизнеске де, орта бизнеске де бөлініп жатқан ақша жеткілікті. Ірі бизнес те сұрап отырған жоқ, мұндай шешім жасауға себеп бола қоймады, бірақ сонда да Ұлттық банк мұндай шешімді қарастырып отыр", - деді экономист.

Зейнетақы қаражатын жоғалтып алмайтындай, тіпті көбейтетіндей жағдай болуы үшін қандай салаларға бөлу керектігі жайлы сұраққа Сералы отандық өнімге бөлудің қате екенін айтты. Оның пікірінше, отандық бизнес таяу арада табыс әкелетін сала емес екен. "Айталық, біздің жергілікті өндірушілер тауар өндірді делік, әрмен қарай оны сату қиынға соғады, себебі нарықтың 80 пайызы - шетелдік тауарлар. Олармен бәсекелесе алмаймыз, өзін-өзі ұзақ уақытта ғана өтей алады, сондықтан мемлекет нақты мүдде танытуы керек. Адамдар отандық тауарды сатып ала бастауы үшін билік өзіміздің тауарларға басымдық беруі тиіс", - деп қорытындылады сарапшы.

"Қаржылық тұтынушылар қоғамы" қаржы қызметтерін тұтыну одағының басшысы Айдар Әлібаев, керісінше, бұл идеяның жаңалық емес екенін, зейнетақы реформасын жүргізіп жатқанда бастапқыда азаматтарды егде жаста қамтамасыз етумен қатар байқалатын оң үрдістердің бірі деп зейнетақы жинақтарының экономиканың нақты секторына бөлудің жоспарланғанын айтып өтті. "Зейнетақы жинақ жүйелері көптеген елде өзінің белгілі бір тиімділігін көрсетті. Сондықтан да, қазір айтылып жатқан мәселе - механизм жаман емес. Бұл заңнамада қарастырылған. Бұған еш кедергі жоқ", - деді Әлібаев.

Алайда, оның айтуынша, бұл шешімнің белгілі бір қауіптері де бар. "Біріншіден, қаражат жымқырылады деген қауіп бар. Нақтылы бір жобаны сатуда оны жүзеге асыратын адам түрлі сатыдағы шенеуніктермен, коррупциялық механизмдермен бетпе-бет келеді. Ал шенеуніктер зейнетақыдан болса да, бюджеттен болса да талдап-талғамай "жей" береді. Егер Ұлттық банк осы қауіптердің алдын алса, онда жалпы алғанда идея жаман емес", - деді әңгімелесуші.

Оның пікірінше, қаражатты жылжымайтын мүлік саласына бөлу қажет, себебі бұл сала шағын немесе орта бизнеске дамуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, зейнетақы активтерін жол жобаларына, инфрақұрылымға, өнеркәсіпке бөлуге болады.

Бірақ іскерлік басқару докторы Ерлан Ибрагим зейнетақы активтерін пайдалануға түбегейлі қарсы. "Экономиканың ақша инвестициялануы және жұмыс істеуі керек дегенге саятын негізгі постулатына қарамастан, Келімбетовтің БЖЗҚ қаражатын бюджеттегі шығынның орнын жабуға пайдалану туралы идеясын ақылға сыйымсыз деп санаймын. Мұндай соманы экономикаға құюдың белгілі бір әсері болады, әсіресе дағдарыс кезеңінде, бірақ бұл эффект ұзаққа созылмайды", - деді сарапшы.

Сонымен қатар, ол бұл қаражат қалай да бір қыруар табыс әкеле бастайды деп санаудың қате екенін айтады. "Олар әрқашан бұл қаражатты болашағы бар инфрақұрылым жобаларына бөлетіндерін айтып, уәде береді, бірақ өткен күнімізге қарасақ, сөз жүзінде бар да, іс жүзінде жоқ. Өз басым ақша үлестіру механизмінің қандай болатынын түсінбеймін. Дәстүрлі механизм қабылданбады, ал жаңасы әлі қарастырылған да жоқ. Ұлттық банктің атқаратын ролі де түсініксіз. ҚР ҰБ өзінің тікелей функцияларын атқара алмай жатқанын көріп отырып, бұл идеяны жүзеге қалай асыратынын елестете беруге болады", - деп қорытындылады сарапшы.

Еске салайық, қазан айында Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетов 400 миллиард теңгенің бюджет тапшылығын жоюға, ал 600 милилард теңгенің экономиканы ұлттық банктер мен ұлттық холдингтер арқылы несиелеуге жұмсалатынын мәлімдеген еді.

Дереккөз: tengrinews.kz

3 қараша 2015, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.