АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Италияда «EXPO MILANO-2015» Дүниежүзілік көрмесі жабылуының ресми рәсімінде ЭКСПО жалауын Қазақстан Республикасына салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлайды.
Жалауды тапсыру ресми рәсімінің барысында «Астана «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен ЭКСПО-2017 Бас комиссары Рәпіл Жошыбаев ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталес пен ЭКСПО-2015 көрмесінің Бас комиссары Бруно Паскуинодан ЭКСПО жалауын қабылдады.
Миланда өткізілген «ЭКСПО-2015» дүниежүзілік көрмесі көрмелерді өткізу тарихындағы ең табыстылардың бірі болып танылды, оған шамамен 21 млн. келуші келген. Аталған көрмеде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны «Тақырып пен контентті ең үздік ашу» аталымында үздік павильондардың үштігіне кірді. Сөз сөйлеу барысында Италия Республикасының Президенті Серджио Матарелла Италиядағы көрменің барлық қатысушыларына алғыс айтып, «Астана «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өткізілуіне сенімділігін білдірді.
Астана ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу орны ретінде Астана 2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) 152-ші Бас Ассамблеясы кезінде ХКБ-ның мүшесі болып табылатын 161 мемлекеттің өкілінің жасырын дауыс беруі барысында таңдалды. Астана өтінішін 103 ел қолдады.
«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің негізгі тақырыбы - «Болашақ энергиясы». Ол халықаралық қоғамдастықтың ғаламшарға көп әсерін тигізіп отырған энергияны тұтыну проблемасына алаңдаушылық танытады. Көрменің басты мақсаты - жауапкершілікке шақыру, адамдардың ғаламшардағы энергияны тұтынуды жоспарлау және қадағалауды үйренуі үшін пікірсайыстарды ынталандыру және білімді қалыптастыру, сол арқылы табиғатқа келетін зиянды азайту. Аталған міндеттерді іске асыру көрме тақырыбының: «Адамзаттың ұлы проблемасын шешу» тақырыпшасында көрсетілген.
Көрменің басты тақырыбы CО2 шығарындыларын азайту, энергиялық тиімді өмір салты, барлығы үшін энергия тақырыпшаларымен ашылады.
Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанда 2017 жылы 10 маусым-10 қыркүйек аралығында өтеді. ЭКСПО-2017 көрмесіне 100 елдің өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, 2 миллионнан астам келуші күтілуде, болжам бойынша, олардың әрқайсысы көрмеге екі не одан да көп рет келеді, осылайша келушілер саны 5 миллионға жуықтайды. Келушілердің 85 пайыздан астамы қазақстандықтар, ал 15 пайызы - шетелдік мемлекеттердің азаматтары болатыны, көбі ТМД және Қытай елінен келетіні жоспарланып отыр. Сондай-ақ Еуропа, Түркия және АҚШ-тан туристердің көп келуі күтілуде.
Бүгінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу бойынша 8 келісім орнатылған, көрмеге қатысатынын 51 ел, 11 халықаралық ұйым растап, секциялардың 25 комиссары тағайындалған.
Қазақстанның туы ЭКСПО мамандандырылған көрмесінде алғаш рет 1998 жылы Лиссабонда көтерілді. Белсенді экспонент ретінде Қазақстан көрмеге 2005 жылдан бері қатысып келеді.
Дереккөз: inform.kz