АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының №2 сотында талапкер М.Бисенованың жауапкер «Каспий Банк» АҚ-нан заңсыз есептелген соманы өндіру және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық ісі қаралды, деп хабарлады аталған соттың баспасөз қызметінен.
Сотта тараптар арасында несие алу туралы келісім шарт жасақталғаны анықталды. Банктік несие шартына сәйкес, талапкер өзінің міндеттемесін тиісті орындаған, алайда банк тарапынан несие алушыға келісім шарттың толық орындалуына қарамастан қосымша 263 теңге көлеміндегі қарызды өтеу туралы хабарлама келген.
«Сот отырысында Банктің талапкер М.Бисеновадан қосымша 263 теңге өндіруге заң аясында қандай да бір негіз болмағанын анықтап, оның іс-әрекетін заңсыз деп танып, талапкердің пайдасына заңсыз есептеліп төленген 263 теңгені ҚР АК-нің 953-бабында қарастырылған заң талаптарына сәйкес, оны кері қайтару туралы шешім қабылдады.
«Сонымен қатар, сот талапкердің моральдық залалды өтеу туралы талабы да негізді деп санады, себебі осы орын алған жағдай бойынша ол жауапкердің заңсыз іс-әрекеті салдарынан төзiмi таусылып, уайымға салынғанын, қорланғанын, ызаланып, ашуланғанын, ұялып, түңіліп, қолайсыз жағдайда қалғанын ескерді.
Осыған орай, ҚР АК-нің 951, 921-бабының талаптарына және «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес, жауапкер «Каспий Банк» АҚ-нан талапкер М.Бисенованың пайдасына 5000 теңге көлемінде моральдық шығын өндірілді», делінген хабарламада.
Дереккөз: inform.kz