АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның даму банкі» зейнетақы қорындағы қаражат есебінен облигацияларды орналастыруды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында банк басшысы Болат Жәмішев мәлім етті.
Оның айтуынша, банк зейнетақы қорындағы халық ақшасының бір бөлігі есебінен экспорттық жобаларды қаржыландыруды көздеуде. Бұл өз кезегінде ұлттық экономиканы сауықтыруға ықпал жасайды.
«Жыл басында Ұлттық қордан 35 млрд. теңге экспорттаушыларды қолдауға бөлінген болатын. Бұл бағдарлама, біздің ойымызша, едәуір тиімділігін көрсетті. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуы одан әрі жалғастырылады деп жоспарлануда. Дегенмен ол Ұлттық қор қаражаты есебінен болмауы тиіс. Қаржыны нарықтан тартуымыз керек. Біздің облигацияларды алуға қауқарлы негізгі қаражат көзі ол - бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ғана екенін айта кеткен жөн. Осы бағытта мәселе қаралуда», - деді ол.
Соның қатар Б.Жәмішев ел арасында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты жұмсалып кетеді деп әуре-сарсаңға түскен халықты алаңдамауға шақырды. Себебі қаражат едәуір сенімді ұлттық облигацияларды сатып алуға ғана жұмсалады.
«БЖЗҚ қаражатын пайдалану мәселесіне тоқталатын болсақ, оған алаңдаушылық танытып жатқандар көп. Шынына келгенде, БЖЗҚ қаражаттары инвестицияланбаса, өсім болмайды. Олар инвестициялануы керек. Инвестициялық портфельдердің құрылымы реттеуші органмен белгіленеді, оның мейлінше қауіпсіз болуын қадағалайды. Негізінен олар мемлекеттің бағалы қағаздарына, Қаржы министрлігінің қағаздарына бағытталады. Бір бөлігі ең сенімді шетелдік ұлттық қағаздарға бөлінеді. Сонымен қатар бір бөлігі ұлттық эмитеттерге бағытталатыны сөзсіз. Олар кез келгеніне емес, жоғары рейтингке ие эмитеттер таңдалады. «Қазақстан даму банкінің» рейтингісі өте жоғары. Сондықтан сенімді арызгер деп саналады. Сондықтан егер БЖЗҚ қаражаттары есебінен облигацияларды орналастыру мүмкін болса, біз ол мүмкіндікті пайдаланамыз. Қазір соманың көлемі талқылануда. Алдын ала болжағым келмес еді», - деп атап өтті банк басшысы.
Дереккөз: inform.kz