АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері шет елдерде сотталып, сол елдердің түрмелерінде жазасын өтеп жатқан 24 қазақстандық елімізге әкелінді. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның шет мемлекеттермен қылмыстық істер бойынша жасасып жатқан шарттары негізінен үш бағытты құрайды. Бұлар: құқықтық көмектер көрсету, адамдарды өзара беру және сотталғандарды қайтару туралы шарттар.
«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек осы ағымдағы жылдың өзінде Қазақстан құқықтық көмектер көрсету бойынша шет елдерден түскен 599 сұрау салуға жауап берді. Сонымен бір мезетте біздің еліміз шет мемлекеттерге сұраулар салып, олар 538 ресми өтінішімізді орындады. Сонымен қатар біз шет елдерге түрлі қылмыстар жасаған 95 тұлғаны бердік. Ал шет елдерден бізге 80 тұлға берілді. Бұдан бөлек, сотталғандарды беру бойынша Қазақстанның түрмелерінен жазасын өтеп жатқан 75 сотталушы шет мемлекеттерінің сұратуы бойынша берілді. Ал шет мемлекеттердегі түрмелерде жазасын өтеп жатқан 24 қазақстандықты өзіміздің түрмелерімізге ауыстырдық», - деді Жақып Асанов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні әлем елдерімен жасалып жатқан өзара құқықтық көмек туралы келісім шарттарының маңызы зор.
Дереккөз: inform.kz