АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония тарапы Қазақстанда АЭС құрылысына қатысуға ниетті. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейін Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ айтты.
«Қазақстан халықаралық аренада, халықаралық қоғамдастықта маңызды рөл ойнап отыр, сондай-ақ Қазақстан Жапония үшін қымбат серіктес болып табылады», - деді ол.
Сонымен қатар Жапония Үкімет басшысы ҚР Президентімен кездесу барысында екі ел арасындағы қатынастар мәселесі бойынша мазмұнды пікір алмасу болғанын атап өтті.
«Мен біздің кездесудің үш маңызды нәтижесімен таныстырғым келеді. Біріншісі, Жапония бұдан ары қарай да Қазақстандағы экономикалық реформаларды қолдайтын болады, яғни бұл тұрғыда мемлекеттік құрылымдарды, сонымен бірге жеке секторды да қолдаймыз. Біз осы жайында уағдаластық. Атап айтқанда, Қазақстандағы құрылысы жоспарланып отырған АЭС-ке тоқталатын болсақ, біз оны жүзеге асыру бойынша өзіміздің өзара іс-қимылымызды нығайтуға ниеттіміз. Біз осыны растадық. Сонымен қатар өнеркәсіп саласы мен медицинада жапондық диагностика жүйесін енгізу үшін білікті кадрларды даярлау саласында жаңа ынтымақтастық басталады. Осы орайда біз белсенді талқылаулар жүргіземіз және осы шараларды келістік», - деді Синдзо Абэ.
Өз кезегінде ҚР Президенті екіжақты ынтымақтастықтың басымдықты салаларын атап өтті.
«Біздің ойымызша, сирек кездесетін металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы ынтымақтастық өте маңызды», - деді Елбасы.
Дереккөз: inform.kz