Шымкентте үш адам полицейге шабуыл жасады деген күдікпен ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға биыл 22 қазанда болған. Шымкенттің Абай аудандық ІІБ кезекші бөліміне Тельман бөлімінде полицейге шабуылдың жасалғаны туралы хабарлама түсті.
Полицейлер Шымкенттің үш тұрғынын ұстады: әкесі мен оның екі ұлы, олар қызметтік міндетін атқарған Абай аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторына шабуылдады.
Учаскелік инспектордың 39 жастағы жергілікті тұрғынның үйіне ұсақ бұзақылық бойынша сот отырысына оны айыпты ретінде алып кетпекке барғаны анықталды. "Алайда ер адам заң талаптарын орындаудан бас тартып, билік өкіліне қарсылық білдіре бастаған. Сонымен қатар, оған көмекке үйден әкесі мен ағасы келді, олар бірігіп полицейді соққыға жығып, көптеген дене жарақатын салып, Opel Vectra автокөлігін қиратты", - делінген ІІД хабарламасында.
Осының салдарынан учаскелік инспектор түрлі жарақатпен Шымкенттегі ауруханалардың біріне жеткізілді. "Бұл дерек Шымкент ІІБ Абай аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркеліп, "Билік өкіліне күш көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапта көрсетілген жаза бойынша күдіктілер бестен он жылға дейін бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - деп хабарлады ІІД мамандары.
ІІД мәліметінше, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлерге қарсылық білдірудің 75 дерегі тіркелген, олардың алпысы процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Дереккөз: tengrinews.kz