АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ жемқорлық фактілері жиі тіркелген университеттердің ректорларын жұмыстан босатпақ. Бұл туралы бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен жемқорлыққа қарсы күрес үйлестіру кеңесінде ҚР Білім және ғылыми вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті.
«Үйлестіру кеңестерінің жұмысы біршама кеңейеді. Соның бірі ректорлардың жемқорлыққа қарсы күрес декларациясын қабылдау бағытындағы жұмыстар. Біз бұған дейін айтып келдік, жемқорлық аxуалын, жастарды жемқорлыққа төзбеушілік рухта тәрбиелеуді қадағалайтын боламыз. Студенттердің жемқорлыққа деген төзбеушілік сезімін қалыптастыруға ректорлар жауап береді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрбір ректорға персоналды түрде тапсырып отыратын боламыз. Әсіресе, мемлекеттік ректорларға қатысты. Бұл сіздердің жұмыстарыңызды бағалаудың бір бөлігі болады. Яғни, біз түрлі бағалау әдістерін өткізіп отырамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, осы әдістердің аясында анықталған әлсіздіктер ректорлардың қызметіне тікелей әсер етуі керек.
«Бірде бізден «жемқорлығы дендеген жоғары оқу орындарының ректорларымен не болады?» деп сұрады. Біз ондай ректорларға төзімсіздік танытамыз. Сол себепті егер осындай фактілер анықталып жатса, біз ол ректорларды ЖОО-дағы қызметінен кетуін талап етеміз», - дейді вице-министр.
Дереккөз: inform.kz