Жапонияның премьер-министрі 26 қазан күні алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Синдзо Абэ бастаған делегация құрамында үкімет мүшелері, трансұлттық компаниялардың жетекшілері мен шағын және орта бизнес өкілдері болады деп күтілуде. Олардың басты мақсаты – Қазақстанда өндірістер мен жаңа жобалар ашу үшін әріптестер табу. Астанадағы бизнес-форумға 100-ден астам жапон компаниясы қатысуға ниет білдіріпті. Олардың қатарында сауда, көлік және логистика, инженерия және құрылыс салаларында істеп жатқан Mitsubishi, Hitachi, Sumitomo сынды ірі кәсіпорындар бар. Қазақстан мен Жапонияның елшіліктері отандық кәсіпкерлерді де аталған шарадан қапы қалмауға шақырады.
Ақылбек Қамалдинов, ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Бүгінде біздің кәсіпкерлердің әріптестерінде жаңа заманауи инновациялық технологиялар жоқ. Ал жапон компаниялары үнемі алдыңғы қатарлы құрылғыларды қолданады. Сондықтан бұл отандық бизнесмендер үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Форумға қатысушылар шын мәнісінде инновациялық жобалармен таныса алады. Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуы жайлы бүгін сағат 14:45-те «Сұхбат» бағдарламасында толығырақ айтамыз.
Дереккөз/фото: 24.kz