Атырау, 28 қараша 05:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Азаматтарға ақпарат бермеген мемлекеттік орган қызметкерлері жауапқа тартылатын болады

2 047 просмотра

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Заңның мақсаты әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алу және тарату жөніндегі конституциялық құқықғын іске асыру болып табылады. Сонымен қатар заң жобасы Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «ашық мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші бағытын жүзеге асырып, бұл ретте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 95-ші, 96-шы қадамдарын қамтуды көздейді.

Бұл ретте заң арқылы ақпаратты ауызша да, жазбаша да беру тәртібі регламенттеліп, сұрау салулар бойынша ақпаратты беруден бас тарту үшін негіздер айқындалады. Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеуге шағым жасау тәртібі де нақтыланады. Айта кетерлігі, заң жобасы авторларының бірі Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ақпаратты ұсынудан бас тартқан немесе қасақана жалған ақпарат берген тұлғаларға жауапкершілік те қаралады.

«Яғни, жеке немесе заңды тұлға қандай да бір мемлекеттік органға ақпарат алу үшін сұрау салса, ал ақпарат оған берілмесе, сонымен бірге ақпарат бермеуге еш негіздер көрсетілмесе, не болмаса сұрау салынған ақпарат бойынша жалған ақпарат берілсе, ондай тұлға жауапкершілікке тартылады. Оған 30-100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылып отыр. Ал бұндай әрекет бір жыл ішінде қайталанса, жауапкершілік үшін 50-ден 200 АЕК көзделеді», - дейді М.Әшімбаев.

Оның айтуынша, аталған норма мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, бюджеттің қаражатын алатын әрі азаматтарымыз үшін қажетті ақпараттар иеленетін жеке бизнес субъектілерін де қамтиды.

Бұдан бөлек, заң аясында ақпаратқа қол жеткізу тәсілдерін кеңейту мәселелері де қамтылған. Мәселен, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын қоса алғанда, Парламенттің жалпы отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларының, астананың жергілікті өкілді органдарының ашық отырыстарын онлайн-трансляциялау, сонымен қатар жыл қорытындылары бойынша өткізілетін мемлекеттік органдардың алқаларына интернет-ресурстар арқылы ақпаратқа қолжеткізу ұсынылады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар басшыларының, әкімдер мен ұлттық университет ректорларының есептік кездесулерін өткізу міндеттеледі.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Дереккөз/фото: inform.kz

22 қазан 2015, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.