Қазақстанда әскерге қабылдау талаптары күшейтілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. Енді әскери қызметке шақырылушылардың денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, моральдық-психологиялық жай-күйіне және отбасы жағдайына ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, 1 қазаннан бастап Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі шақырылымы басталды. 2015 жылдың күзінде кейінге шақырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ, сондай-ақ оқу орнынан шығарылған, 27 жасқа толмаған және шақырылым бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген18 бен 27 жас аралығындағы 12 мыңнан аса ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Айта кетейік, ҚР Қарулы Күштеріне шамамен 4 мың ер азаматты шақыру жоспарланып отыр, қалғандары ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Ұлттық ұланы және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі..
"Әскерге шақыру қоғам өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыруды тиісті өңірдің (астана, облыс, қала, аудан) әкімінің орынбасары басшылық ететін шақыру комиссиясы ғана жүзеге асырады. Оған денсаулық сақтау, ішкі істер, білім беру, қоғам ұйымдары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кіреді. Әскерилер онда бір ғана лауазымдық тұлғамен, яғни, облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы және ауданның (қаланың) қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастығы болып ұсынылған. Шақыруды жергілікті әскери басқару органының бастығы (әскери комиссариат) емес, шақыру комиссиясы жүзеге асыратынын нақты және түбегейлі түсіну қажет", - деді жинақтау басқармасының бастығы - ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Амантай Үсербаев.
Дереккөз: tengrinews.kz