Golden Boy Promotions компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасында кездесу ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
"Альварес-Головкин жекпе-жегін неге өткізбеске? Бұл кездесу міндетті түрде болуы керек. Ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Сауль онымен жұдырықтасқысы келеді!", - деді Оскар.
Айта кетейік, Головкин WBC (Interim) титулының иегері. Ол Альварес-Котто жекпе-жегінің жеңімпазы ие болатын WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына негізгі үміткер.
Оскар Де Ла Хойя Головкиннің экс-чемпион Давид Лемьеге қарсы өткізген кездесуіне риза болғанын айтты. "Головкин бүгін өзін көрсете білді. Оның жоспары жақсы болды, Головкин рингте өзін жақсы көрсетті", - деді ол.
Еске салайық, Головкин - Лемье жекпе-жегі 18 қазанда Нью-Йоркте өтті. Қазақстандық боксшы қарсыласын сегізінші раундта нокаутқа түсірді. Осылайша Головкин Лемьеден IBF титулын тартып алды. Бұл - 33 жастағы қазақстандықтың 34-ші жеңісі. Осылайша қазақстандық боксшы барлық титулын сақтап қалды және қарсыласының IBF титулын алды.
Дереккөз: tengrinews.kz