Мақсат Ілиясұлы, "Антигептил" ұйымының мүшесі. Астана, 13 қаңтар 2014 жыл.Астанада бүгін Ресей елшілігі алдында Ресей президенті Владимир Путинге хат тапсырмақ болған "Антигептил" қозғалысының белсенділерін полиция ұстап әкетті деп хабарлады қозғалыс белсендісі Мақсат Ілиясұлы.
Белсендінің Азаттыққа айтуынша, полиция өзімен қосқанда алты адамды қозғалыстың Бөгенбай батыр көшесі мен Бейбітшілік көшесінің қиылысында орналасқан кеңсесі алдынан ұстаған. "Бізді Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасының полициясы бөлімшесінде әкелді. Полиция не үшін ұстағандарын айтудан бас тартты" деді Мақсат Ілиясұлы.
"Антигептил" белсенділері бүгін сағат 11-де Ресей елшілігі алдында Қазақстанға сапармен келген Владимир Путинге хат тапсырып, бірнеше сұрақ қоюды жоспарлаған. Белсенділер хатқа қол жинауды елшілік алдында бастайтын болған.
Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасынан белсенділердің ұсталғанына қатысты ақпарат алу мүмкін болмады.
Дереккөз: azattyq.org