Қырғызстанның Шу облысындағы колониядан қашып кеткен экстремистер Қазақстан аумағына өткен жоқ, - бұл туралы Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметіндегілер мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстандық әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істеліп жатыр. Барлық бағдар тапсырылды. Біздің қазақстандық әріптестерімізде аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауда жақсы тәжірибе бар. Жамбыл облысында полиция қауіпсіздік шараларын күшейтті. Сонымен қатар, Қырғызстан-Қазақстан шекарасындағы бекеттер күшейтілген тәртіпте", - деді Қырғызстан ІІМ баспасөз хатшысы Бақыт Сейітов.
Еске сала кетейік, 12 қазанға қараған түні Қырғызстанда 9 адам колонияның үш қызметкерін өлтіріп, түрмеден қашып кеткен. Олардың бесеуі айналма жолда ұсталды. Түрмеден қашқан төртеудің екеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылған болса, екеуі тергеуде екен. Іздеудегілер экстремизм мен терроризм үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар. Төменгі Нооруз ауылындағы №50 түзету мекемесінен қашқандар заңсыз деп танылған "Жайшул-Махди" партиясының өкілдері болған.
Дереккөз: tengrinews.kz