1mag.kzЕлімізде жаңа көліктердің бағасы арзандайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау осылай деп мәлімдеді.
«Алдағы кездері салынатын қалдықтарды кәдеге жарату орындарына ескі көліктерді өткізіп, жаңасын қалтаға қонымды бағада сатып алуға мүмкіндік туады», - дейді ол. Айта кетейік, елімізде көлік доңғалақтарын өңдейтін бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді.
Енді өндірушілер темір тұлпарлардың өзге де бөлшектерін кәдеге жарататын орталықтар ашуды көздеп отыр. Отандық автоөндірісті дамыту мақсатында атқарылатын бұл жұмыс енді заң жүзінде нақтыланбақ. Сондай-ақ көліктерді бір реттік тіркеу кезінде төленетін салық мөлшері де өзгертіледі. Жаңа темір тұлпарлар үшін бұл баға бір айлық есептік көрсеткіштің 0,25%-ына ғана тең болмақ. Ал ескі көліктерге 500 айлық есептік көрсеткішке дейін салық төлеу міндеттеледі.
Альберт Рау, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:
- Біз еліміздің ішкі нарығын қорғайтын жағдайларды сақтап қалуымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, таяуда еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына енеді. Ал бұл ұйымға толыққанды мүше атансақ, кедендік баж салықтары төмендейді. Сондықтан біз авто өндірушілерге кері әсер етпеу мақсатында басқа алымдардың мөлшерін көбейтіп жатырмыз. Мәселен, қазір әрбір көлік үшін төленетін баж салығы 30-35% болса, келер жылы ол 19%-ға дейін төмендейді.
Дереккөз: 24.kz