АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия әлеуметтік желілердегі ауру балаларына жәрдем сұрап, көмек тілейтін ақпараттарға мониторинг жасайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі Тастемір Әбішев мәлім етті.
«Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға қарасақ, көбінесе «баламды емдеуге көмектесіңіздер», «шетелде ота жасауға көмектесіңіздер» деген хабарламалар толып жүр. Бұл туралы біздің комиссия біледі. Жалпы осыған байланысты Бала құқықтары жөніндегі комитет, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Адам құқықтары жөніндегі комиссия бұл ақпараттарға мониторинг жүргізуді бастады», - деді Т.Әбішев.
Бұл ретте комиссия мүшесі тұтастай алғанда, ақпараттар алу мен тарату әркімнің конституциялық құқы екенін еске сала келе, оны заңмен шектеуге де болмайтынын атап өтті.
«Дегенмен, ондай ата-аналар ресми түрде ең алдымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне хат жолдауы тиіс», - деді ол.
Дереккөз: inform.kz