АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Еске сала кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Құжат Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында қамтылған әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту туралы тапсырмасын орындауға бағытталған.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің сөзіне қарағанда, заң жобасы әлеуметтік саладағы екі маңызды өзгерісті көздейді. Бірінші - азаматтардың кейбір санаттарына берілетін әлеуметтік төлемдерге қолжетімділікті арттыруды қарастыратын трансформация шаралары болса, екіншіден, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту көзделеді. Бұл ретте әлеуметтік төлемдерді трансформациялау жұмысы азаматтардың санатына қарай тағайындалатын бірнеше әлеуметтік жәрдемақыларды біріктіріп, бір жәрдемақы ретінде белгілеуді көздейді.
«Бұл бірінші кезекте мүгедек және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты жәрдемақылар болып табылады. Бүгінгі таңда бұл санаттағы азаматтарға екі түрлі әлеуметтік жәмдемақы тағайындалған. Бұл ретте бірінші мемлекет тарапынан кепілдендірілген мүгедектігі бойынша тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы. Мұның мөлшері күнкөріс деңгейі есебінен анықталады. Екіншісі, 1999 жылдан бері натуралды көмектің орнына беріліп келе жатқан арнаулы әлеуметтік жәрдемақы. Бұл жәрдемақыны есептеу базасы айлық есептік көрсеткіш болып табылады», - дейді министр Тамара Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні аталған жәрдемақыларды алу үшін мүгедек азаматтар екі өтініш пен екі құжаттар пакетін тапсырып келеді. Ал заң жобасы бойынша осы екі жәрдемақыны біріктіріп мүгедек азаматтарға көлемі жағынан екі жәрдемақының сомасына тең келетін мемлекет кепілдендірген бір жәрдемақы тағайындау қарастырылып отыр.
Оның айтуынша, дәл осындай өзгерістер көп балалы аналарға төленетін жәрдемақыларды да қамтымақ. Қазіргі күні бұл санаттағы аналар үш әлеуметтік жәрдемақы түрлерін алып келеді, олар: екеуі бала туылуына және бала күтіміне, үшіншісі осы санаттағы аналарға берілетін арнаулы әлеуметтік жәрдемақылар.
«Мұндағы қиындық әрқайсысына жеке-жеке тапсырылатын құжатта ғана емес, бір санаттағы азаматтарға берілетін жәрдемақыларды тағайындаудың әртүрлі заңдармен реттелуіне де байланысты. Осыған орай, бұл санаттағы жәрдемақылар тек бір ғана заңмен реттеледі», - деді министр.
Дереккөз/фото: inform.kz